Босқындар лагеріндегі қақтығыс кезінде 9 адам тірідей жанып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бангладеш астанасы Баккада бихари босқындарға арналған лагерьдегі қақтығыстардың салдарынан 9 адам, оның ішінде 3 бала тірідей жанып кетті.

Бұл жайында шетелдік БАҚ жергілікті полиция өкіліне сілтеме жасап хабарлады.

«Қақтығыстар кезінде оқ астында қалған бірнеше үйде кемінде 9 бихарилік тірідей өртеніп кетті», - деді ол.

Сонымен қатар оның алға тартқан деректеріне қарағанда, кемінде 30 адам жарақаттанған.

Айта кетейік, бихарилер - Бангладеште тұрып жатқан шыққан тегі бенгальдық емес адамдар. Олардың басым бөлігінің ұлты бихарилік. Дегенмен, Бангладеште шыққан тегі үндістандықтарды және мұсылмандарды да бихари деп атай береді. 1971 жылы Бангладеш тәуелсіздігін алғаннан кейін бихарилер жаңа мемлекеттің азаматтығын алудан бас тартқан болатын.