Босния мен Герцеговинада өзендер арнасынан асып жатыр

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Шелектеп құйған нөсер жаңбыр салдарынан Еуропа және Латын Америкасындағы бірнеше елде су тасқыны болды, деп хабарлайды Утро.ру агенттігі.

Португалияда ондаған елді мекендер су астында қалды, әлемге әйгілі Мадейра аралына жол мүлдем жабылған. Аэровокзалдар мен теңіз порттары табиғаттың тосын мінезінен болған кедергілермен күресуде. Фуншала әуежайында ондаған адам ұшу кезегін күтіп отыр. Босния мен Герцеговинада өзендер арнасынан асып жатыр. Су тасқыны туралы елдің солтүстігінде де ақпарат тараған. Тузла қаласындағы бір үй санаулы секундтардың ішінде су астында қалған. Көршілер отағасын ғана құтқарып қала алған, ал оның барлық туғандары қаза тапты.

Болгарияда да дабыл қағылуда. Софияға жақын жердегі жолдарды су шайып кеткен. Бірнеше жүргізуші із-түссіз жоғалғандар қатарында. Жаңбырдың жаууы біртіндеп азайғанымен, өзендердегі су мөлшері әлі де жоғары қалпында.

Латын Америкасында су тасқыны зардабын жою шаралары жүріп жатыр. Су тасқыны ондаған үйді басып қалған Колумбияның солтүстік-шығысында іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл елдегі жаңбыр маусымы екі жүзге тарта адамның өмірін алып кеткен. Колумбия президентінің айтуынша, ел өте қиын жағдайды бастан кешіруде.