Бостандығын шектеу ауыр қылмыстарға ішінара ғана қарастырылуы мүмкін - И. Меркель

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда бостандығын шектеуге қатысты қылмыстық жаза ауыр қылмыстарға ішінара ғана қарастырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысында Қылмыстық кодекс жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, кодекс жобасында қылмыстық жазаның жаңа түрлері - тұтқынға алу мен шетелдікті немесе азаматтығы жоқ тұлғаны Қазақстаннан шығару түріндегі жазалар енгізілген. «Әскери салаларға қатысты әскери қызметте шектеу және гаупвахтада ұстау түріндегі жазалар алынып тасталды. Соған орай, әскери қызметтегілерге бейбіт уақытта азаматтық тұлғалармен теңдей қылмыстық жазалар қолданылуы тиіс. Бұдан бөлек, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза аса ауыр емес және орташа қылмыстың барлық түрлеріне, сонымен қатар ауыр қылмыстарға ішінара қолданылуы ұсынылады», - дейді И. Меркель. Оның айтуынша, жаңа редакцияда бостандықтан айыру жазалары жобадағы 920 санкцияның 393-іне ғана қалдырылатын болады. Бас бостандығынан айыру қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстарға, кісі өліміне қатысты қылмыстарға, аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде террористік, сыбайлас жемқорлық, соғыс уақытында жасалған әскери қылмыстарға сақталатын болады.