Бостандық ауданында бір емхана 80 мың адамға қызмет көрсетсе, Финляндияда мұны 10 емхана атқарады - халықаралық конференция

АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау саласында Қазақстанның да өзге елдерге үлгі бола алатын көрсеткіштері баршылық.

 Дүниежүзілік репродуктивті медицина қауымдастығының мүшесі, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова  бүгін Алматыда өтіп жатқан «Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы әлеуметтік жаңғыртудың басты бағыты ретінде» деп аталатын IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осылай айтты.

«Халыққа медициналық қызмет көрсетуде Қазақстанның олқы түсетін тұстарымен  қатар, өзіндік артықшылықтары да жеткілікті. Мәселен бізде ультрадыбыстық зерттеуде кейбір сынамалар 1 сағатта алынатын болса, Израиль, Германия сияқты мемлекеттерде  кейде 1 аптада  ғана дайын болады. Көптеген елдерде сондай-ақ, халықтың  дәрігерге қаралуға қолжетімділігі бізден  қиындау. Қазақстанда мамандар тапшы болса да, науқастардың дәрігерге қаралуға мүмкіндігі мол», - дейді «Экомед» медициналық орталығының жетекшісі Салтанат Байқошқарова.

Оның айтуынша,  сенім телефондарына түскен шағымдарға қарағанда,  денсаулық сақтау мекемелерінде мамандар тапшылығынан халық кезек күтуге көп уақыт жұмсайды.  Мәселен Алматы қаласының Бостандық ауданындағы бір емхана 80 мың адамға қызмет көрсетеді.  Ал Финляндияда бұл  қызметті 10 емхана атқарады. Сондықтан олар Денсаулық сақтау министрлігіне науқастың дәрігерге қаралуы уақытын көбейтуді ұсынып отыр. Өйткені 10-15 минут  сырқат адамның хал-жағдайын біліп, жан-жақты ем тағайындауға жеткіліксіз.