Бостандық ауданының әкімі тұрғындармен кездесті
14:37, 20 Қаңтар 2009
АЛМАТЫ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Кеше Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Амангелді Каримуллин тұрғындармен кездесіп, 2008 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Бұл кездесуге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Амангелді Каримуллин Бостандық ауданы жергілікті атқару органдарының 2008 жылғы атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталып, 2009 жылдың алда тұрған жоспарлары туралы да айтып өтті. Өткен жылдың 12 айы ішінде аудан бюджетке 142 млрд. 288 млн. теңге түсірген. Аудан аумағында 26 ірі және 295 кіші өндіріс орындары тіркелген. Ауданда жыл ішінде 55,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. 2008 жылдың желтоқсан айында ауданда 28 мың кіші кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, олардың 13 168-ы - заңды тұлға, 12 389-ы жеке тұлға. Бұлар 40 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауданның кіші және орта кәсіпкерлері бюджетке 68,9 млрд. теңге құйған. Жыл ішінде аудан 147,3 млрд. теңге болатын инвестицияны игерген. Қаржы өнеркәсіпті, құрылысты дамытуға, жаңа құрал-жабдық алуға жұмсалған.
2008 жылы қалалық бюджеттен электр желілерін, санитарлық тазалық пен көгалдандыруға, сонымен қатар балабақшаларын күрделі жөндеуден өткізуге жалпы көлемі 2 млрд. 287 млн. теңге бөлініп, ол толық игерілген. Жалпы алаңы 290 мың шаршы метр болатын 91 үй пайдалануға берілген. Қала көшелерінде көлік кептелісін болдырмау мақсатында Жандосов ? Сәтбаев, Жандосов ? Абай көшелерінің бойында жол айрықтары салынды. Бұларға жұмсалған қаржы - 9 млрд. 400 млн. теңге. Қалалық «Таза арықтар» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы қалалық экология инспекциясымен бірлесіп өткен жылы «Есентай» өзенінің жағалауы, Сәтбаев пен Абай даңғылдарының айналасы түгелдей қайта жарақтандырылды. Бұған 214 млн. 665 тыс. теңге жұмсалды. «Үлкен Алматы» өзенінен Торайғыров көшесіне дейінгі аралық та қайта жасалып, оған 1 млрд. 379 млн. теңге жұмсалды. Аудан тұрғындары аудан әкіміне өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Олар негізінен ПИК-тер, коммуналдық шаруашылықтар жұмысына, кіші және орта кәсіпкерлік пен бизнеске қатысты болды.
Кездесуді қорытындылаған қала әкімі бұндай жиындардың жеті ауданда түгел өтетіндігін айтты. Болашақта әкімдердің 40-тан астам кездесулерін өткізу жоспарланып отыр «Біз Сіздермен кездескенде атқарылған жұмыстар туралы тек есеп беріп қана қоймай, тұрғындарды толғандырған жайттарды да біліп, оларды шешу жолдарын қарастыратын боламыз»,- деп атап өтті Ахметжан Есімов.