ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов аудандық №2 сотының үкімімен Б. ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлімі бойынша (қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) айыпты деп танылып, 4 жыл бас бостандығынан шектеліп, пробациялық бақылау белгіленді.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Б. мен М. ішімдік ішу барысында бір-бірімен сөзге келіп, ақыры төбелесіп тынған. Сотталушы жәбірленушінің басынан күрекпен соққан. Оны місе тұтпай, екі бөтелкені басына ұрып сындырған, қылмыстық әрекетін жалғастырып, М-ның мойны мен басына бірнеше рет соққы жасаған. Қайта жәбірленуші көшеге қашып шығып құтылған, ал сотталушы оқиға орнынан бой тасалаған.
Сотта жәбірленушінің азаматтық талапарызы толық қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).