ҚР Бас прокуратурасның ақпараты бойынша, 2010 жылғы қаңтьардың 1-інде Тайланд Корольдігінің аумағында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 176-бабының 3-бөлігінің «б» тармағында көзделген (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету) қылмыстары үшін қылмыстық қудалау органының іздеуінде жүрген К.А. Уәлиханов пен Г.К. Уәлиханов ұсталды.
Аталған адамдар тобы алдын-ала сөз байласып, Астана қаласында орналасқан әртүрлі коммерциялық ұйымдардың басшылары бола отырып, 2006-2008 жылдар аралығында «Шымбұлақ», «Бейбітшілік», «Возрождение», «Құлан» тұрғын үй кешендерінің 470-тен астам қатысушыларына 2 миллиард теңгеден астам шығын келтіре отырып, ақшалай қаражаттарын иеленiп алған және ысырап еткен.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы іздеуде жүргендерді экстрадициялау мәселелері бойынша уәкілетті орган ретінде ҚР ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросымен, ҚР Қаржы полициясы агенттігімен және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан Республикасының Бангкоктағы (Тайланд) Дипломатиялық миссиясымен бірлесе отырып, ұсталған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және жәбірленушілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін Қазақстан аумағына жеткізуге барлық қажетті шараларды қабылдады.
Қазақстанның мемлекеттік органдарының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде және тайландтық билік өкілдерінің көмектесуімен бүгін, яғни, 2010 жылғы ақпанның 4-і Уәлихановтар Бангкоктан Қазақстан аумағына жеткізілді.
Осы тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеуді қаржы полициясы органдары жүзеге асыратын болады, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.