Бөтен нәрестені елден алып кетпек болған ерлі-зайыптылар тұтқынға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испандық ерлі-зайыптылар Колумбияда бөтен нәрестені елден алып кетпек болғандықтары үшін тұтқынға алынды. Оларға баланы оның ата-анасынан сатып алған деген күдік келтірілуде, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

45 және 42 жастағы Испания азаматтары Богота халықаралық әуежайынан Мадридке жаңа туған нәрестемен ұшып кетпек болған. Жергілікті билік мәліметтеріне қарағанда, олар нәрестені сатып алу үшін оның ата-аналарына 18 мың еуро және мәмілеге делдал болған дәрігерге 1,2 мың еуро төлеген. Ендігі уақытта испандықтарға, сонымен бірге жаңа туған нәрестелерін ғаламтор арқылы саудалаған ерлі-зайыптыларға бала саудалау айыбы тағылмақ.

Айта кетерлігі, 2013 жылы Колумбияның көші-қон билігі жалған құжаттармен шетел асырылмақ болған 48 сәбиге араша түскен еді. Ал биыл олар дәл осындай 36 оқиғаның орын алуына жол бермеді.