Боттичеллидің «Медальон ұстаған жігіт» картинасы аукционда 92 млн долларға сатылды

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Қайта өркендеу дәуірінің өкілі, флорентиялық суретші Сандро Боттичеллидің «Медальон ұстаған жігіт» картинасы Нью-Йорк қаласында өткен аукционда 92 млн долларға сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sotheby's аукцион үйінің сайтына сілтеме жасап.

Бұл суретшінің саудаға шығарылған үздік жұмыстарының бірі. Сатып алған адамның есімі аталмайды.

Картина 1470-1480 жылдары салынған. Бір кездері ол Уэльстің (Ұлыбритания) ақсүйектер әулетіне тиесілі болды. Кейінгі рет сурет 1982 жылғы аукционда 1,3 млн-ға сатып алынған болатын.

«Медальон ұстаған жігіт» Лондондағы ұлттық галерея, Нью-Йорктегі Метрополитен өнер мұражайы сынды әлемдік мұражай, галереяларға қойылған еді.