«Boxy Wealth» қаржы пирамидасының қызметі тоқтады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «Boxy Wealth» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
— Ұйымдастырушылар өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, салымшыларға жарнамалық материалдарды қарау арқылы жоғары табыс табуды ұсынған. Олар күн сайын 5%-дан 10%-ға дейін, яғни айына 150%-дан астам және жылына 1800%-дан жоғары кіріс табатынына уәде еткен, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, рефералдық сілтемелер арқылы жаңа қатысушыларды тартқан жағдайда 10% көлемінде дивиденд төлеу қарастырылған.
Салымшылардың ақшалай қаражаттары дропперлердің атына рәсімделген банк карталарына қабылданып, кейін жасыру мақсатында пайдаланылған криптовалюта әмияндарына аударылған.
— Қазіргі уақытта 230 млн теңге көлемінде залал келтірілген 180-нен астам азамат жәбірленуші деп танылған, — делінген ҚМА хабарламасында.
Қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы 2 ай мерзімге қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетелік Өскеменде қаржы пирамидасына жарнама жасаған әйел жазаға тартылған еді.