"Актқа қол қойылды, мен оны Үкіметке жолдадым. Сіздер қаласаңыздар, жақын уақыттары жариялайтын боламыз", - деді В.Божко Көкпектідегі кеңестен кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Ол оған кінәлі ТЖ шенеуніктерін дәл қазір атамағанымен, тергеу барысында анықталған жайттарды айтуға уәде етті. "Тиісті баспасөз мәліметін дайындап, сіздерге жолдайтын боламын, рұқсат болса", - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда залал сомасы анықталды. "Мен қазір кеңес барысында жапа шеккен тұрғындардың бүлінген мүлкін өтеуге бөлінген қаражатты атаған болатынмын. Залал сомасы да сол шамада. Бірақ мен бұл жерде арықтың құнын қосып отырған жоқпын", - деп атап өтті министр. Бұның алдында кеңес кезінде Божко бүлінген үйлер мен келмеске кеткен үй керек-жарағын өтеуге халыққа 256 млн. теңге бөлінгендігін айтқан болатын. Еске сала кетейік, 31 наурыз түні Қарағанды облысы Көкпекті ауылында дамбаны су шайып, 300-ден астам үйді қиратып кеткен. Соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 12 адам ауруханаға жатқызылды. Қайтыс болғандардың отбасыларына 1 млн. теңгеден өтемақы төленді.
Мамандар зерттеуінен кейін, 49 үй апаттық жағдайда деп танылса, 273 үйге күрделі жөндеу қажет болған.
Апат салдарларын анықтау мақсатында Үкіметте В.Божконың төрағалыығымен ведомствоаралық комиссия құрылды. Төтенше жағдайға байланысты бірқатар мемлекеттік шенеунік пен су қоймасының иелеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта бірнеше тұлғаға айыптар тағылды.