Божко: Контрафакт кесірінен қазақстандық жұмыртқа өндірушілер шығынға ұшырайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаздыгүні Ресейден контрафактімен келетін жұмыртқаның көптігінен қазақстандық жұмыртқа өндірушілер шығынға батады. Бұл туралы Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында БАҚ өкілдеріне Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жазда бағалар өзіндік құнынан төмен құлап кетеді. Яғни, біз шығын үшін жұмыс істейміз. Дәл осы уақытта Ресейден біздің нарыққа аса көп мөлшерде контрафактілік жұмыртқа кіргізіле бастайды. Ол жұмыртқалар үшін ешкім қосылған құн салығын (ҚҚС) төлемейді. Демек, біз мемлекет тарапы Қазақстанға еніп жатқан азық-түлік өнімдеріне бақылау жүргізгенін қалаймыз. Ол үшін техникалық регламент, санитарлық бақылау, ветеринарлық мәселелерді бақылау жұмысы бір ғана Ауыл шаруашылығы министрлігінде болса дейміз», - дейді ол. 
 

Максим Божконың айтуынша, аталған жұмыстардың жартысы Ауыл шаруашылығы, жартысы Денсаулық сақтау министрлігінде.

«Елге келетін өнімдердің сапасын бақылайтын мемлекеттік қызметтерге деген біздің сұрақтарымыз қордаланып қалды. Мәселен, сумен инжекторланған құс еті енгізілуде. Ол құс еті тоңазытқыштан шығып, кепкеннен кейін салмағының 20-30 пайызы жоғалады, яғни су «кеуіп» кетеді. Қазақстандық құс етін өндірушілер мұндай бұрмалаумен айналыспайды. Біз тек қана ауа арқылы құс етін қатырамыз», - дейді Божко.

Айта кетсек, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Целиноград ауданындағы «Родина АФ» ЖШС-да болды. Сонымен бірге, министр Целиноград ауданының әкімдігінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен саланың өзекті мәселелерін талқылады.