Бозымбаев: Бүгіннен бастап қазақ күресінің жаңа дәуірі басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Халықаралық қазақ күресі федерациясының құрылтай конгресінде Қанат Бозымбаев қазақ күресін дамытудың жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл мен үшін аса абыройлы міндет болып отыр. Сенімдеріңізді ақтау үшін күш-жігерімді аямаймын. Еліміздің спорты үшін бүгін тарихи күн. Біз ұлттық спортымыздың жаңа халықаралық ұйымын құрып, оның құрылтайлық конгресін өткізудеміз. Астанаға әлемнің 35 мемлекетінен делегаттар келіп отыр. Осы орайда бүгіннен бастап қазақ күресінің жаңа дәуірі басталды деп айтуға болады. Біздің бастаманы қолдаған серіктестер көп. Бұрын қазақ күресі атауын естімеген елдердің өзінде жақын болашақта осы спорт түрінің үйірмелері ашылады», - деді Қанат Бозымбаев.

Бұл ретте ол бірқатар алыс шетелдерде қазақ күресімен айналысатындар қатары арта түсетінін жеткізді.

«Енді ұлттық күресімізді жаңа деңгейде дамыту үшін біраз өзгерістер жасайтын боламыз. Менің ойымша, қазақ күресінен міндетті түрде әлем чемпионатын екі жылда бір рет өткізу керек. Осы орайда, тиісті регламентті бекітеміз. Дәл сол мезгілде «Әлем Барысын» өткізіп, оған Әлем кубогы мәртебесін беру жоспары да бар. Ал егер «Еуразия Барысына» тоқталсақ, оны Еуразия кубогына айналдырып және Азия чемпионатын жыл сайын ұйымдастыратын боламыз», - деді ХҚКФ президенті.

Оның сөзіне қарағанда, жастар мен балалар арасында жарыстар да осы форматта өткізу жоспарға енгізілген.

«Шет елдерден бапкерлер мен мамандарды осында шақыртып, күрестің бүкіл қыр-сырына оларды үйретіп, шәкіртақы төлеуге тырысатын боламыз. Бұдан басқа, шет елдерде қазақ күресі спорт залдарын ашуға қаржылай көмекті қарастырмақпыз. Сондықтан алға қойылған мақсаттар аз емес. Осы орайда іске баршамыз жұмыла кірісейік деген тілек бар», - деп мәлімдеді Қанат Бозымбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Астанада Халықаралық қазақ күресі федерациясының құрылтай конгресі өтіп, оған әлемнің 35 елінен өкілдер қатысты. Конгресс кезінде федерацияның жарғысы бекітіліп, оған қоса жаңа ұйымның қазақ күресін алдағы төрт жылда дамыту жұмыстарының жоспары қабылданды. Онда ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Халықаралық қазақ күресі федерациясының (ХҚКФ) президенті болып сайланды. Сонымен қатар жиын барысында ХҚКФ-ның 5 вице-президенті де бекітілді.