«Ұлттық күреспен айта қоярлықтай байланысым болған жоқ. Жалпы, мен «асфальттің қазағымын». Бірақ, кәсіби бокспен айналыстым. Айтарлықтай да жетістіктер де бар. Бала кезімде 2 жыл дзюдомен айналыстым. Одан кейін дене бітімім күресуге мүмкіндік бермеді. Өйткені өз жасыма қарағанда бойым ұзын болды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде «Халық барысы» республикалық турнирі жобасының басталуына арналған баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін дамытуға қатысты ойларымен бөлісіп, федерация өткізетін шараларға тоқталды.
«Боксты өте жақсы дамытып жүрген жауапты адамдар бар. Меніңше, ол жаққа араласудың да қажеті жоқ, жай ғана оларда бәрі де жемісті болуына тілекші болу қажет. Ұлттық күресімізге қатысты айтар болсам, осыдан бірнеше жыл бұрын Арман Шораевпен таныстым. Ол бізді аталған спорт түрін қолдауға шабыттандырды. Бастапқыда республикалық федерацияда құрметті президент болып, бірге «Еуразия барысын», «Әлем барысын» өткіздік. Жаңа турнирлер, жаңа форматтар. Содан кейін біз халықаралық федерация құрдық, қазір ұйымға 15 ел кіреді», - деді ол.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен алғаш рет шетелде Азия және Еуропа чемпионаттары ұйымдастырылатын болады.
Айта кетейік, елімізде алғаш рет белдесу күресінен «Халық барысы» республикалық турнирі 7-8 мамыр күндері Алматыда, ашық аспан аясында өтеді. Турнирге кез келген азамат қатыса алады.
Мұнан бөлек, журналистер арасында «Ақпарат» барысы да биыл өтетін болады.