BP Azerbaijan Каспий теңізінде жаңа платформа салуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл «Шахдениз» кен орнының жекелеген қабаттарынан төмен қысымды газды жинап, оны Сангачал терминалына жеткізуге арналған мүлде жаңа компрессорлық платформа болмақ, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фото: abc.az

Компанияның мәліметінше, жаңа платформаның құрылыс жобасы келесі аптада көпшілік назарына ұсынылып, ақпан айының үшінші аптасында платформаның қоршаған ортаға әсерін бағалау есебі бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді.

- Қаржыландыру туралы соңғы шешім (FID) осы жылы қабылданады, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, платформа адамның тұрақты қатысуынсыз жұмыс істейтіні атап өтілді.

- Alpha және Bravo платформаларынан төмен қысымды газ осында жиналып, қысымды арттырғаннан кейін Сангачал терминалына жіберіледі, - делінген хабарламада.

Бұл ретте платформаның құрылысы миллиардтаған инвестицияны қажет етеді.

Осыған дейін Тоқаев пен Эмбало Бисау порты мен Транскаспий дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келіскені туралы жаздық.