Бір аптада 12 орман өрті: Қазақстанда өрт қаупі жоғары болып тұр

АСТАНА. KAZINFORM — 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 12 орман өрті тіркелді. Өрттердің басым бөлігі жедел оқшауланып, сөндірілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті.

Фото: Экология министрлігі

Есепті кезеңде мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе өрт сөндіру десанттары, авиациялық және арнайы техникалары 11 орман өртін сөндіруге, сондай-ақ орман алқаптарына қауіп төндірген ірі көлемдегі дала өрттерін сөндіру жұмыстарына тартылды.

Тіркелген өрттердің ішінде:

  • жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман мекемелерінде – 10 өрт;
  • мемлекеттік орман қорының басқа аумақтарында – 2 өрт.

Министрліктің дерегінше, өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК жүргізген әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің жерүсті бақылауы арқылы дер кезінде анықталған. Жедел түрде қажетті күштер мен техникалар жұмылдырылып, өрттердің қысқа мерзім ішінде оқшауланып, толық сөндірілуі қамтамасыз етілген.

Фото: Экология министрлігі

Қазіргі уақытта Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының және Алматы облысының аумағында өртті сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Өртті толық сөндіруге және оның одан әрі таралуына жол бермеуге бағытталған тиісті жұмыстар жалғасып жатыр.

Мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» РМҚК қызметкерлерінің бірлескен және үйлесімді жұмысының арқасында өрттердің одан әрі таралуына және үлкен аумақтарды қамтуына жол берілмеді.

Сонымен қатар, еліміздің бірқатар өңірлерінде жоғары температура мен найзағайлы фронттардың сақталуына байланысты орман өрттерінің шығу қаупі жоғары деңгейде қалып отыр.

Осыған байланысты азаматтарды, табиғат аясында демалушыларды және орман пайдаланушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, отты абайлап пайдалануға және табиғи аумақтарда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз.

Айта кетейік, бұған дейін Марқакөлдегі өртті сөндіруге 83 адам және 2 тікұшақ жұмылдырылғанын жаздық.