Бір аптада 20 мың алматылық ЖРВИ-мен ауырды
Алматыда жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар бойынша эпидемиологиялық ахуал қалыпты. Бұл туралы қаланың Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті жетекшісі Қасымхан Алпысбайұлы мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Бас санитария дәрігері өткен аптада ЖРВИ жұқтырған 20 134 адам тіркелгенін, 100 мың тұрғынға шаққандағы ауру көрсеткіші 903,03 болғанын мәлімдеді. Бұл – былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37%-ға төмен.
– Жаңа эпидемиологиялық маусым басталғалы зертханада расталған тұмау тіркелген жоқ. Қалада ЖРВИ-дің тұмауға жатпайтын басқа түрлері - риновирус, бокавирус, РС вирус, аденовирус, паратұмау мен маусымдық коронавирус тарап жатыр, - деп атап өтті Қасымхан Алпысбайұлы.
Оның сөзінше, биыл жергілікті бюджет есебінен қауіп тобындағы азаматтарға вакцина егу үшін ресейлік «Гриппол плюс» үш валентті 250 мың вакцинасы сатып алынды. Қалада алдын алу мақсатында 25 қыркүйектен бастап қауіп тобындағы тұлғаларды вакциналау жүріп жатыр. Жекеменшік медицина орталықтарында тұмауға қарсы екпе алғысы келгендер, оның ішінде түрлі сала қызметкерлерін жұмыс берушілер есебінен ақылы түрде вакциналау мүмкіндігі бар.
2 қарашадағы жағдай бойынша тұмауға қарсы 205 033 адам вакцина алды, оның ішінде 201 696 азамат (80,7%) қауіп тобына жатады. 2 493 тұрғын жұмыс беруші есебінен вакциналанса, 844 адам жекеменшік медицина орталықтарында өз қаржысына екпе қабылдады. Тұмауға қарсы вакциналау қарашаның соңына дейін жалғасады.
Санитария дәрігері вакцинация тұрғындарды тұмау вирусын жұқтырып алудан қорғап қана қоймай, асқынып кету қаупі мен өлім жағдайын азайтуға айтарлықтай көмектесетінін айтты.