Бір аптадағы кадрлық ауыс-түйіс: жаңа министрлер мен басшылар кімдер

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада биліктің жоғарғы сатысында, жергілікті атқарушы органдар мен саяси партияларда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform 21-27 қыркүйек аралығындағы тағайындауларға шолу ұсынады.

Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

Аптаның басты кадрлық жаңалығы — Қорғаныс министрлігіндегі өзгеріс болды. 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Бұл шешім Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза болуымен тікелей байланысты. 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу барысында тоғыз әскери қызметші қаза болғаны хабарланған еді. 

Осылайша Айдос Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Айдос Сәкенұлы Мырзахметов — ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясын 2002 жылы бітірген. Әскери қызмет жылдарында взвод командирінен бастап Мемлекеттік күзет қызметі департаментінің бастығына дейінгі жолдан өтті. Қызмет барысында жоғары кәсібилігін, табандылығы мен қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігін танытты.

2024 жылғы қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 2026 жылғы мамырда оған жоғары әскери атақ — генерал-майор атағы берілді. Генерал шенінің айырым белгілерін оған ҚР Президенті жеке табыстады. «Айбын» II дәрежелі орденімен наградталған.

Қорғаныс саласында апта ішінде тағы бір кадрлық шешім қабылданды. 24 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Дәулет Бекманов Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Дәулет Бекманов 2004 жылы «Мирас» университетін «Информатика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2010 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2007 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясында бастаған. Әр жылдары компанияның АКТ бөлімінде жетекші маман, АКТ процестерін талдау және менеджменті тобының бас менеджері, сондай-ақ талдаушы қызметтерін атқарды.

2009-2011 жылдары «Денсаулық сақтау инвестициялық жобаларын басқару орталығы» ЖШС-де жетекші маман болды. 2011-2013 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да бас талдаушы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру саласында басшылық қызметтер атқарды. Кейін ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде электрондық қызметтерді бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын үйлестіру бағытында еңбек етті.

2014-2016 жылдары Қазақстанның Байланыс және ақпарат агенттігі мен Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымдарында электрондық қызметтерді дамыту және бақылау саласында басшылық қызметтер атқарды. 2016-2017 жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мемлекеттік қызметтерді дамыту департаменті директорының орынбасары, кейін ақпараттандыру департаментінің директоры болды.

2017-2020 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2020-2023 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитетін басқарды. 2023-2025 жылдары «Қазпошта» АҚ-да мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі басқарушы директор болды. 2025 жылғы шілдеден бастап «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып келді.

ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына Қуанышбек Үштаев тағайындалды. Бұған дейін дейін ол Құрлық әскерлері Бас штабының бастығы — Бас қолбасшының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Генерал-майор Қуанышбек Үштаев Жамбыл облысы Жуалы ауданының Алексеевка ауылында дүниеге келген. Әскери қызмет жолын әскери училище курсанты болып бастап, Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының бірінші орынбасарына дейінгі жолдан өтті.

Әр жылдары әскери бөлімдердің командирі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары — Жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы қызметтерін атқарды. «Шығыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының әскерлерін басқарды.

1997 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 2009 жылы Ұлттық қорғаныс университетін, 2018 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген.

II дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен наградталған.

Бұрынғы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Оның кандитатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ұсынған еді.

Ерлан Жақанұлы Қошанов 64 жаста. Ол 1962 жылы 14 тамызда Қарағанды облысының Шет ауданында туған. Жезқазғандағы Қарағанды политехникалық институтының филиалында (инженер-механик) және Қазақ мемлекеттік басқару академиясында (халықаралық экономист) білім алған. Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесарі, шебері болып бастаған.

Кейінірек Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінде түрлі қызметтер атқарды, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Үкіметтің Парламенттегі өкілі, Көлік және коммуникация вице-министрі, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болды.

Әр жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары — Үкіметтің Парламенттегі өкілі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Қарағанды облысының әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметтерін атқарып, 2022 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы және «AMANAT» партиясының төрағасы болды.

Сонымен бірге, Президент Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындады.

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:

  • Бақыт Үрістемұлы Әбілдинов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды;
  • Рахымжан Мырзаханұлы Ділдаев Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Амангелді Сағындықұлы Есенов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Ғабиден Хасенұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Руслан Қасқырбекұлы Мелдебеков Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Нұрлан Амангелдіұлы Нұржанов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Ардақ Мырзабайұлы Теңгебаев Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Юлия Федоровна Энгель Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлықтарымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының алты жаңа мүшесі тағайындалды.

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:

  • Азамат Мақсотұлы Айманакумов Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Михаил Михайлович Бортник Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Мұхтар Тілдәбекұлы Ерман Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Әсел Болатқазықызы Жанәбілова Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Ләззат Кенесқызы Сүйіндік Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды;
  • Шавхат Әнесұлы Өтемісов Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды.

ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып Алмас Исаков тағайындалды.

Алмас Исаков 1985 жылы 25 мамырда дүниеге келген. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті мен Ұлыбританиядағы Экзетер университетін бітірген (University of Exeter), «Болашақ» Президенттік бағдарламасының стипендиаты. Еңбек жолын 2009 жылы Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті маманының м. а. қызметінен бастаған.

2010-2012 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық департаментінің бас маманы болып жұмыс істеген. 2012-2014 жылдар аралығында — ҚР Қаржы министрлігі мен Экономикалық даму және бюджеттік жоспарлау министрлігінде сарапшы және бас сарапшы лауазымдарын атқарған. 2015 жылдан 2019 жылға дейін салық және кеден саясаты Департаменті салық саясаты басқармасының басшысы, кейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау Департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

2019 жылы Ақпараттық-талдау орталығының жедел талдау секторының меңгерушісі және ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің жобалық басқару орталығының бас инспекторы лауазымдарын атқарған. 2019-2021 жылдары — ҚР Сауда және интеграция министрлігінің стратегия департаментінің директоры ретінде еңбек еткен. 2021 жылғы ақпаннан 2023 жылғы қаңтарға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің қаржы нарықтары секторының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2023 қаңтарда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен Ардақ Зебешев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

А. Зебешев 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша King’s College London университетін «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген, ал 2019 жылы Warwick Business School (Ұлыбритания) оқу орнында MBA дәрежесін алған.

2003-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппаратында, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде, ҚР Сыртқы істер министрлігінде және ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде қызмет атқарған. 2016-2019 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ құрылымдарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің және ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының кеңесшісі болған. 2019-2024 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінде қызмет атқарып, басқарма басшысынан комитет төрағасына дейінгі еңбек жолынан өткен. 2024 жылғы ақпанда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, 2026 жылғы маусымда ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы болып тағайындалды. «Құрмет» орденімен наградталған.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Ержан Ертаев ҚР энергетика вице-министрі болып тағайындалды.

Ержан Ерболұлы 1985 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Инновациялық Еуразия университетін, Анхальт қолданбалы ғылымдар университетін бітірген. Еңбек жолын 2009 жылы жеке құрылымда электр механигі болып бастаған. 2009–2013 жылдары — Павлодар облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының Энергетика бөлімінің жетекші маманы, бас маманы болған.

2013–2014 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті басқармасының бас сарапшысы, басшысы. 2015–2018 жылдары — ҚР Энергетика министрлігінің Ақмола, Қарағанды облыстары бойынша аумақтық департаменттерінің басшысы. 2018–2020 жылдары — ҚР Энергетика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары. 2020–2021 жылдары — Павлодар облысы Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы. 2021–2022 жылдары — «Самұрық-энерго» басқарма төрағасы аппаратының басшысы. 2022–2023 жылдары — «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС бас директоры болған.

2023–2024 жылдары — ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 2024 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі болып Арсен Жақанбаев тағайындалды.

1988 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2010 жылы «Аймақтық-гидрогеологиялық-мелиоративтік орталық» мемлекеттік мекемесінде маман болып бастаған.

2012-2013 жылдары — «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалында инженер-жобалаушы.

2013-2014 жылдары — Қарағанды қ. «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы» РМК-де жетекші маман.

2014-2017 жылдары — ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі (кейіннен Ауыл шаруашылығы министрлігі) Су ресурстары комитетінің бас сарапшысы.

2017-2018 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бюджеттік инвестициялар және МЖӘ дамыту департаменті басқармасының бас сарапшысы.

2018 жылы — ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің топтық су құбырларын дамыту басқармасының басшысы.

2019 жылы — ҚР АШМ Су ресурстары комитеті Экономика, бюджеттік жоспарлау және бухгалтерлік есеп басқармасының басшысы.

2020-2021 жылдары — ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті Су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасы басшысы.

2021-2023 жылдары — ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Трансшекаралық өзендер департаментінің директоры.

2023 жылдың шілдесінен қарашаға дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су саясаты департаментінің директоры.

2023 жылдың қарашасында ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Бауыржан Молдағалиев ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аппаратының басшысы болды.

Ол 1989 жылы Жетісу облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (бакалавриат, магистратура, докторантура) бітірген, философия докторы (PhD). Еңбек жолын 2010 жылы Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының «№ 1 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» МКҚК мемлекеттік тіл аудармашысы болып бастаған.

2012–2013 жылдары — ҚР Білім және ғылым министрлігі «Философия және саясаттану институты» РМҚК Фарабитану және салыстырмалы зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері. 2013–2016 жылдары — ҚР Білім және ғылым министрлігі «Философия, саясаттану және дінтану институты» РМҚК философия бөлімінің ғылыми қызметкері. 2016–2017 жылдары — ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Талдау және ақпарат орталығы» РМК Медиа-талдау және құқықтық бағалау басқармасында қолданбалы әлеуметтік технологиялар бөлімінің жетекші сарапшысы болған.

2017–2018 жылдары — ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Талдау және стратегиялық жоспарлау департаменті Ақпараттық жұмысты үйлестіру басқармасының бас сарапшысы. 2018–2019 жылдары — Президент Әкімшілігі Басшысының хатшылығында сарапшы. 2019–2022 жылдары — Президент Әкімшілігі Басшысының хатшылығында консультант. 2022–2023 жылдары — Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2023–2026 жылдары — Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 2026 жылдың шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарған.