– Еліміздегі жалпы тауар айналымының 70%-дан астамы бес өңірге тиесілі. Олар – Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды облыстары. Әр облыс сауданың өсуін қамтамасыз ету үшін өз әлеуетін тиімді пайдалануы қажет. Бұл бағытта шекара маңындағы өңірлердің, сондай-ақ туристік тартымдылығы жоғары аумақтардың мүмкіндіктері мол. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін пайдаланып, олардың базасында заманауи сауда, қайта өңдеу және кәсіпкерлік орталықтарын дамыту қажет. Өңір әкімдіктеріне аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын нақты өндіріс орындарын, инвестициялық жобаларды және тауар айналымын ұлғайту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерді айқындай отырып, бір ай мерзімде Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеуді тапсырамын, – деді ол.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне аталған жұмысты үйлестіру мен орындалуын бақылауды тапсырды.
Ал шағын және орта бизнес экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болып қала береді.
– Біз осы саланың одан әрі дамуы үшін қажетті жағдайлардың бәрін жасауымыз керек. Барлық мемлекеттік орган «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, өңірлердегі кәсіпкерлермен олардың бизнес-бастамаларын жан-жақты қолдау мақсатында өзара тығыз жұмыс істеуі қажет. Туындаған барлық проблемалық мәселелер жедел түрде шешімін табуға тиіс, – деп түйіндеді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін өңірлерде Урбанистика орталықтарын құру мәселесі көтерілгенін жазғанбыз.