Браконьерлерден бір айда 300-ден аса келі бекіре тәркіленді - Атырау

Фото: Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 1 айда браконьерлерден 372,9 келі балық тәркіленді. Оның ішінде 313,5 келі бекіре тұқымдас су маржаны бар.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 20 қазан-19 қараша аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген.

«Бұл іс-шараның мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды, биологиялық ресурстар түрлерінің заңсыз айналымын анықтау. Іс-шара кезінде 111 құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде аулау қағидаларын бұзуға байланысты 18, заңсыз балық аулауға қатысты 51 дерек бар. Қаруды заңсыз иелену, беру, өткізу, сақтау, алып жүру, тасымалдау талабын бұзған 7, азаматтық, қызметтік, марапаттық коллекциялық қару мен патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, ел аумағына әкелу, әкету және транзитпен өткізу тәртібін бұзудың 27 дерегі анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай ақ, балық ресустарын заңсыз аулауға қатысты 3, өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз айналысу дерегі бойынша 5 қылмыстық іс тіркелген.

«Заңсыз балық аулаушылардан 372,9 келі балық тәркіленді. Оның ішінде 313,5 келі бекіре тұқымдас балық түрлері бар. Құқық бұзушылардан 40 балық аулау құралдары, 7 тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшылық қару мен 1 су көлігі алынды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Бекіре – 2024»: акциясы кезінде Атырауда ұсталған жүргізушінің көлігінен 70 келі бекіре тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.