Бір айқай – бір айлық сенімді жояды: әке болудың 3 лайфхагы

Фото: Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі әкелер қандай әке болуы керегін білмейді. «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы осылай деп пікір білдірді. Бала тәрбиесінде әкенің атқаратын рөлі орасан деген Мақсұтбек Айтмағанбет қазіргі әкелердің дәл осы мәселеде жіберетін қателігін тізіп берді.

– Нағыз әке ең әуелі жауапты болуы керек. Бұл тек қана материалдық мәселелерге қатысты емес. Сонымен қатар баланың денсаулығы сынды барлық дүниеге жауапкершілік. Екіншісі, әке балаға тәрбие бере алуы керек. Баланың адам болуына, азамат болуына, қоғамда өз орнын табуына әке жауапты. Ана өмір берді десек, әке – күш беретін фактор. Бұқар жырау бабамыз «Әкелі бала жау жүрек» дейді ғой. Сол жау жүректікті беру – әкенің міндеті деп ойлаймын. Ал Қазақстандағы әкелердің ең бірінші мәселесі – отбасында жиі жанжал болатын әкелер. Екінші – жалғызбасты әкелер. Үшінші мәселе – әкелердің қандай әке болу керегін білмейтінінде, – дейді ол.

Әкелер одағының төрағасы әр өңірдің әкелері әртүрлі екенін айтады.

– Қазақстанда Қоғамдық даму институты бар. Осы мәселелерді зерттейді. Шынымен де көп әке - әке болуға практика жүзінде дайындалмайды. Қазір отбасы орталықтары бар. Психологиялық тұрғыда да семинар, тренингтер өтеді. Бірақ, оған көңіл бөліп, барып қатысып жүрген әкелер аз. Әкелерге тренинг жасағанда Астанада өткен тренинг пен Шымкентте немесе Атырауда өткен тренинг мүлде үш түрлі өтеді. Әр өңірдің өзіндік менталитеті болады. Ал ауылда өтетін тренингтер мүлде басқаша. Мысалы, ауылдық жерде бізге келіп «Қалай әке болуды үйретпе, мен өзім білемін» дейді. Тіпті 30 жастағы әке мен 20-25 жастағы әкелерді де салыстыруға келмейді, – дейді Мақсұтбек Айтмағанбет.

Студия қонағы өзі төрағалық ететін ұйымның әкелер институтын нығайту үшін қандай жұмыс атқарып жатқанын айтты.

– Біз 2012 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – әкелер институтын дамыту. Әр қоғамдық ұйым мәселеден пайда болады. Қазіргі әкелердің бала тәрбиесіне қатысуы азайып кетті. Осы мәселені көргеннен кейін біздің қоғамдық ұйым ашылды. Қазір республика бойынша 13 филиалымыз бар. Біз денсаулық, білім беру, спорт сынды әртүрлі салаларды қамтып жұмыс істеп жатырмыз. Мектептерде әкелер кеңесін ашып жатырмыз. Балалардың қауіпсіздік мәселелерімен де жұмыс істедік. Біздің ұйымға мүше болу міндетті емес. Біздің жұмысымыз – белсенді әкелерді жинап, әкелер кеңесін құрып, өзге қалаларда одақтың филиалдарын ашып, осы жұмысты насихаттау. Осы насихаттың нәтижесінде әкелердің балаларымен жұмыс істеп, көңіл бөлуін көбейту, – дейді одақ басшысы.

Әкенің қоғамдағы рөлі сөз етілген бағдарламаның кезекті санына 7 баланың әкесі Самат Жолмаханов та қонақ болып, тәжірибесімен бөлісті.

– Әке болу – бұл ең әуелі жауапкершілік. Әр ер адам отбасын құрғаннан бастап жауапкершілікті сезіну керек деп ойлаймын. 7 балам бірдей аспаннан түсе қалған жоқ. Отбасыма әр бала қосылған сайын жауапкершілік арта берді. Өзіңді үлкен сезіне бересің. Әр балаға жеке-жеке мән беру керек. 7 балам – 7 түрлі. Түрлері ұқсағанымен, қалаулары, мінездері, сабақ оқулары бөлек, – дейді әке.

Қолы қалт ете қалса, балаларына көңіл бөлуге тырысатын көп балалы әке ұлымен бірге боксқа қатысады. Оның сөзінше, бұл спортпен айналысуына ұлы себепкер болған.

– Ұлым бірінші бастамашы болды. Қалалық жерде тұрған соң көп телефон қарап кетеміз. Қимыл-қозғалыссыз отырған соң адам физикалық тұрғыда дами бермейді ғой. Баламның бойы кіші, қозғалысы да аз болғаннан кейін өзі «Әке, боксқа қатыссам қалай қарайсыз? Мен сыныптастарыммен бірдей болғым келеді, бойым өссе деймін, іс-қимылдарым да жақсы болса екен» деген ұсыныстар жасады. Содан кейін «Онда боксқа бірге барайық» дедім. Кәсібім мен өзге негізгі шаруаларымды түске дейін бітіріп алуға тырысамын. Түстен бастап кешке дейін балалардың құзырындамын. Ал сенбі-жексенбі күндері тек балалармен уақыт өткіземін, – дейді Самат Жолмаханов.

Ал психолог маман бала тәрбиесінде әкенің балаға әсерін ешбір жасандылық алмастыра алмайтынын айтады.

– Мен бұрын «Әкенің берген тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» деген сөзді жиі еститінмін. Бірақ мағынасына аса мән бермейтін едім. Жақында ғана АҚШ-қа арнайы үлкен психотерапевттердің симпозиум-конференциясына қатыстым. Сол жерде әкенің баланың өміріне, тәрбиесіне, өмірдегі жетістіктеріне әсері туралы көптеген ғылыми зерттеулермен таныс болдым. Шын мәнінде таңқалдым, айтқан сөздің ғылыми астары да бар екен. Мысалы, әкелермен жиі уақыт өткізетін, жиі ойнайтын балалар көп жағдайларда өзіне сенімді болады. Ал өзіне сенімділік, өзін-өзі жоғары бағалау – бұл өмірдегі жетістіктің ең басты кілті. Егер ана – әйел кісі ретінде балаға мейірім, сүйіспеншілік, эмоциялық даму, жанашырлық қасиеттерін беретін болса, әке балаға сенімділік, өзін жоғары бағалау, қайсарлық және батылдық сезімдерінің дамуына тікелей әсер етеді екен. Ал осы дүниені сіз ешқандай жасандылықпен алмастыра алмайсыз. Бұны тек қана әке бере алады, – дейді Ержан Мырзабаев.

Десе де, психолог болу әке болуды жеңілдетпейтін көрінеді. Ержан Мырзабаев бар білгеніңді іс жүзінде жүзеге асыру оңай емес екенін жеткізді.

– Психолог болу – басқа, әке болу – басқа. Теорияны білу – басқа, оны практикада іске асыру – басқа. Мен де қарапайым қатардағы әкемін. Оқыған, естіген, зерттеген, білген нәрселерім көп. Бірақ оларды 100 пайыз практикада орындап кету соншалықты оңай деп айта алмаймын. Менің де белгілі бір деңгейде қиналатын, кедергілерге тап болатын, өзіммен жұмыс істеуді қажет ететін сәттер болады, – дейді ол.

Оған қоса, кәсіби психолог бала тәрбиесіне оң әсер ететін лайфхактар ұсынды.

– Құрметті әкелер, ең әуелі үйге әрдайым көңілді келіңіз. Жай ғана әкенің үйге «Балам, жаным, күнім, менің балапандарым қайда?» деген жақсы эмоциямен келудің өзі үйдегі атмосфераны 180 градус жақсы жаққа өзгертіп жібереді. Екіншісі – келген кезде міндетті түрде балаларды іздеңіз. Қазіргі әкелер бұрынғы біз секілді «Әкелері үйге келсе, балалары жүгіріп шығуы керек» деп күтеді. Бірақ балалар – гаджетте, телефонда, сабақта, өз-өздерімен жүреді. Қайта әке ретінде «Менің қызым қайда, менің ұлым қайда?» деп іздеп барыңыз. Бұл баланың кейіннен сіз жұмыстан шаршап келгенде алдыңыздан жүгіріп шығуына септігін тигізеді. Үшіншісі – балаға ешқашан дауыс көтеріп, айқайлап, жазалап, қол көтермеңіз. Сіздің бір айқайлағаныңыз – бір айлық қарым-қатынасты кері шегереді. Бір қол көтергеніңіз – 3-5 жылдық қарым-қатынасыңыз кері кетеді. «Мен сонша жақсылық істедім, бір рет айқайлаппын – не болыпты?!» дейміз ғой. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп қазақта бекер айтпаған. Бір жағымсыз әрекет сіздің жүздеген, мыңдаған жақсы әрекетіңізге зиян келтіруі мүмкін. Қарап тұрсақ, көп уақыт пен көп білім қажет етпейді. Осы үш принципті ұстанатын болсаңыз, үйдегі көңіл-күй, баламен қарым-қатынасыңыз, оның дамуына деген септігіңіз әлдеқайда мықты болады, – дейді маман.

Айта кетелік Марғұлан Ақан қазақ қоғамында баламен сау қарым-қатынас құратын әкенің нақты бір үлгісі қалыптаспаған деген еді.