Бір баланың тағдырынан мың бұралқы иттің өмірі артық болғаны ма – Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде Мәжіліс қабырғасында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға түзетулер мен өзгертулер енгізу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Парламент депутаттары бастамашылық жасаған түзетулерді қолдайтындар да, қарсылық білдірушілер де бар. Осыған орай, заң жобасы авторларының бірі Самат Мұсабаевты сөзге тартқан едік.
- Самат Базарбайұлы, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның қабылданғанына енді үш жыл толады. Осындай қысқа ғана уақыттың ішінде бұл заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу қажеттілігі қандай себептерден туындап отыр?
- 2023 жылы әріптесім Еділ Жаңбыршин екеуіміз туған ауылымыз – Маңғыстау өңіріне халықпен кездесуге, қайтадан Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін үгіт-насихат жүргізуге бардық. Кездесу барысында әртүрлі мәселе көтерілгенімен соның ішінде көп көтерілгені – қолданыстағы заңдағы қаңғыбас, бұралқы иттерді атуға тыйым салуға қатысты норма. Тұрғындар: «Бұл заң жобасы не үшін қабылданды? Біз не істейміз? Ауылда ит күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Осылай көбейе берсе, ауылдағы қойдың санынан иттің саны көбейіп кетуі мүмкін», - деп алаңдаушылық танытты. Кездесуден далаға шыққан кезімізде, көз алдымызда 5-6 жасар қыз баланы ит келіп талады. Ауыл адамдары тұра жүгіріп, қызды арашалап алды. Бүлдіршін қатты қорқып, дір-дір етіп тұрды. Қатты аядық. Сол уақытта Еділ Терекбайұлы: «Егер екеуміз депутат болып қайта сайлансақ, ең бірінші осы мәселені көтерейік», - деді. Екеуміз де қайтадан депутат болып сайландық. Соған орай ең бірінші болып осы мәселені көтеріп отырмыз. Әріптесіміз Нартай Аралбайұлы да бұралқы иттерге қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Сондықтан үшеуміз «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға түзетулер мен өзгертулер әзірледік. Бұл – азаматтық ұстанымыз және халыққа берген уәдеміз.
Қазіргі уақытта біздің түзетулеріміз бен өзгертулерімізге қарсылық танытып отырған зооқорғаушылар бар. «Неліктен олар бұған қарсы шығып отыр?» деп таң қаламын. Бүгінде Маңғыстау облысында итбалықтар қырылып жатыр. 2 мыңға жетіп қалды. Сол зооқорғаушылардың бірде-біреуі оған назар да аударған жоқ. Үндемейді. Неге барып көрмейді? Себебін неге зерттемейді? Ал итке келгенде айғай-шуды ушықтырып шыға келеді. Киік қырылды Маңғыстауда, Арқада жылқы қырылды. Ешқайсы үндеген жоқ. Ал итке келгенде даурыға кетеді. Меніңше, мұның артында бір «күш» тұр. Егер біз ұсынып отырған түзетулер заңға енетін болса, онда 1-2 жылда не 5 жылда жағдай тәртіпке келеді. Еуропадағы дамыған елдердегідей көшеде қаңғыбас иттер жүрмейтін жағдайға жетеміз.
- Заңға енгізу үшін ұсынылып отырған нақты толықтыруларға тоқталсаңыз...
- Бүгінде зооқорғаушылар «Аулау-стерилизациялау-вакцинация-қайтару» бағдарламасын ұсынып отыр. Одан не пайда? Ешқандай пайдасы жоқ. Бұралқы иттердің сан көбейе береді. Мәселен, аталған бағдарлама аясында бір бұралқы итке ветеринарлық іс-шараларға шамамен 40 мың теңге кетеді. Бұған арнайы орында күтіп ұстауға бір күнге жұмсалатын 5 мың теңгені қосыңыз. Жануарларды вакцинаиялау және стерлизациялау ережесіне сәйкес, ит стеризацияланғаннан кейін 10 күн ұсталуы қажет. Демек, 50 мың теңге, жалпы 90 мың теңге жұмсалады. Жергілікті атқарушы органдар ұсынған мәліметке сәйкес, осы жылдың 9 айында 192 мыңнан астам бұралқы ит ауланыпты. Бірнеше ондаған миллион бюджет қаражаты жұмсалып жатыр. Жоғарыда аталған бағдарламаны толыққанды жүзеге асыру үшін иттерге арналған үй-жайлардың құрылысын қоспағанның өзінде жыл сайын 17,3 млрд теңге қаржы қажет. Ал өткен жылы оған 3,5 млрд, биыл 2,8 млрд теңге бөлінді. Бұл бюджет қаражатының жетіспейтіндігін көрсетеді.
Біз ұсынып отырған түзету – аулау және эвтаназия. Біріншіден, бұралқы ит ауланғаннан кейін арнайы орында 15 күн ұстаймыз. Иттің чипі болмаса, иесі болмаса, онда ол эвтаназия арқылы өлтіріледі. Екіншіден, иттің чипі, иесі болса және оған қажеті болмаса, онда 60 күн ұсталады. Осы уақытта итті басқа біреу келіп алатын болса, онда стерилизация жасалады, вакцина салынады, қаны тексеріледі. Бірақ, оған кететін шығынды итті асырап алушы төлейді. Ал, 60 күнде иесі табылмаса, ешкім алуға ниет танытпаса, онда өлтіріледі.
Бізге мың иттің өмірінен бір адамның, бір баланың тағдыры артық болуы тиіс. Мәселен, Францияда 8 күннің ішінде эвтаназия жасалады. Өркениетті дамыған ел Германияда итті атып тастайды. Өткен жылы Қырғызстан 20 мыңнан астам бұралқы итті атып, көзін құртты. Біздегідей заң Түркия мен Үндістанда бар. Түркия бүгінде бұралқы иттер мәселесін шеше алмай отыр. Біз де осы бағытта кете берсек, жағдай ушыға береді. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, осы жылдың 10 айында иттердің адамға шабуының 25 мыңға жуық дерегі тіркелген екен. Олардың 65-70 пайызы – бұралқы иттер. Демек, орташа есеппен бір күнде 83-84 адамды ит қабады. Жалпы, ит қапқан адам 40 күн ауруханаға жатып, укол алады. 40 күн бой укол алу адамның денсаулығына зиян. Өйткені, құтыруға қарсы, қан сұйылтатын түрлі укол салынады. Оның әсері бірден болмағанымен, болашақта сыр береді.
Қазіргі уақытта көшеде ит қыдыртып жүрген адамдарды жиі көреміз. Олар да қауіпсіздік ережелерін мүлдем сақтамайды. Ит тұмылдырықпен жүруі тиіс. Иттерді қыдыртатын арнайы орындар болу қажет. Жалпы, осы итті тәртіпке келтіре алмасақ не болғаны...
- Итін қараусыз жіберген, қарамайтын адамдарға қандай жауапкершілік көзделген?
- Бүгінде қолданыстағы заңдарымызды иттерін қараусыз жіберген адамдарға ешқандай әкімшілік шара көзделмеген. Сондықтан мұны заң жобасы аясында қарастырып жатырмыз. Әкімшілік айыппұлдарды да көбейту қажет шығар. Мәселен, бүгінде итің біреуді қауып алса, 13 мың теңге төлейсің. Қолданыстағы заңда бұралқы иттерді аулауға да, атуға да, эвтаназия жасауға да тыйым салынған.
- Осы айтқан түзетулерді әріптестеріңіз жалпы қолдап отыр ма?
- Ұсыныстар, түзетулер беріп жатқан әріптестеріміз де бар. Жалпы, бұл мәселеге келгенде депутаттардың өзі екіге бөлініп отыр. Бірі: «Бұралқы иттерге бюджеттен ақша бөліп, асырап, қызметкерлер ұстап, дәрі-дәрмек беріп не қыламыз? Үш күн ұстап, одан кейін эвтаназия жасайық», - дейді. Енді біреулері бұған қарсы. Тіпті, ит адамды қапқан кезде оны ұстап, ветеринарлық тексеруден өткізуді, содан кейін ғана дәрігердің анықтамасымен өлтіруді ұсынады. Айталық, аудан орталығынан 50 шақырым жерде бір адамды ит қапты. Сонда ветеринарды қайдан табамыз? Жарайды, Солтүстік Қазақстан өңірінде әр ауданда, ауылда бар шығар. Ал Маңғыстау облысында ветеринар дәрігер санаулы ғана. 200 шақырым жерден маманды алып келуі керек пе?! Міне, осындай да ұсыныстар беріп жатқан депутаттар бар.
- Экоқорғаушылар чау-чау, доберман, ротвейлер, питбуль сынды аса қауіпті ит тұқымдарының иелерін оқыту туралы норманы ұсынып отыр екен. Бұған көзқарасыңыз қандай?
- Мен оны қолдамаймын. Ол тағы да бюджет қаражатын шығындауға алып келеді. Мұндай иттердің иелері білімін жетілдіргісі келсе оқысын, интернетте толып тұр. Егер ақшасын төлеп солар арқылы білімін жетілдірсе, еш қарсылығым жоқ. Ал мемлекеттен арнайы ақша бөліп, оларды мәжбүрлеп оқытуға қарсымын. Негізі оқығандары дұрыс. Сондықтан бизнес бұл салаға келіп, арнайы оқыту орталықтарын ашып, ниет білдірген адамдар соларға ақшасын төлеп, білімін жетілдіруге болады.
- Сіздерге қарсы шығып отырған экоқорғаушылардың түпкі ойы не?
- Егер біз ұсынып отырған түзетулер қабылданса, онда алдағы уақыттарда бұралқы иттер жоғалып, питомниктер, ит ұстайтын арнайы орындардың бәрі жабылады. Ал оларға қазір жыл сайын млрд-таған қаржы бөлініп келеді. Бәлкім, қарсы шығып отырған сондай орындардың иелері не солардың сыбайлас адамдары шығар. Олардың иттерге жаны ашып, өліп бара жатыр дейсіз бе...