Абай облысының аумағында «Қаңғыбас» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оның мақсаты — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға дер кезінде көмек көрсету.
— Жыл басынан бері Семей қаласында полиция бөлімшелеріне 228 адам жеткізілді. Олардың 51-і арнайы қабылдау орнына орналастырылса, 177 азаматтың жеке басы анықталды. Әр санның артында — тағдыры бөлек бір адам тұр. Бірі баспанасынан айырылса, енді бірі туған-туыстарымен байланысын жоғалтқан. Ал кейбірі алғаш рет өз бетінше еңсере алмайтын қиын жағдайға тап болған, — дейді тәртіп сақшылары.
Полиция қызметкерлері құжаттары жоқ азаматтардың жеке басын анықтап, құжаттарын қалпына келтіруге, тіркеуден өтуге, әлеуметтік және құқықтық көмек алуға жәрдемдеседі.
Ведомство атап өткендей, мұндай жағдайға алғаш рет тап болған адамдарға ерекше көңіл бөлінеді.
— Дер кезінде көрсетілген көмек адамның жақындарымен қайта қауышып, өмірін жаңадан бастауына мүмкіндік береді. Алайда көшеде бірнеше рет қалған және әзірге көмек қабылдауға немесе өмір салтын өзгертуге дайын емес адамдар да бар. Мұндай азаматтармен жұмыс жүргізу уақытты, сабырлылықты және полиция қызметкерлерімен қатар әлеуметтік қызметтердің де қатысуын талап етеді. Кейде өзгеріске бастайтын алғашқы қадам — қалпына келтірілген құжат, шынайы әңгіме немесе дер кезінде созылған көмек қолы болуы мүмкін, — дейді полицейлер.
Бұған дейін Қостанайда ондаған отбасы баспанасыз қалғанын жазған едік.