Бір белдеу, бір жол: Қазақстан — Қытай инвестицияларын ең көп тартқан ел
АСТАНА. KAZINFORM — «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы Қытай инвестициялары рекордтық деңгейге жетті. Бұл туралы Аустралияның Гриффит университеті мен Бейжіңдегі Жасыл қаржы және даму орталығының бірлескен зерттеу есебінде айтылған.
2025 жылдың қаңтарынан маусымына дейін қытайлық компаниялар жалпы құны 124 млрд доллар болатын 176 жаңа инвестициялық және құрылыс келісімшартын жасасты. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдағы жалпы сомадан ($122 млрд) асып түсті.
— Биыл Қытайдың белсенділігі пандемиядан кейінгі тұрақты өсу аясында ерекше әсер қалдырды. 2025 жылдың ерекшелігі — бірнеше мегаинвестициялық келісімдердің қатар жүзеге асуы. Олардың әрқайсысының құны $10 млрд-тан асады, — деді зерттеу авторы Кристоф Недопил Ван.
Оның айтуынша, Қытай экономикасындағы өсімнің баяулауы мен жаһандық сауда шиеленісінің артуы қытайлық компанияларды шетел нарықтарына белсендірек шығуға итермеледі. Ал көптеген ел бұл бастамаға қатысуды Қытаймен байланыстарды нығайту мүмкіндігі ретінде қарастырып отыр.
Есепте 2025 жылы Қытай инвестицияларының басым бөлігі энергетика саласына бағытталғаны айтылған. Инвестиция көлемі бойынша көш бастаған аймақтар: Африка — $39 млрд және Орталық Азия — $25 млрд.
Қазақстан бастамаға қатысушы елдердің арасында көш бастап, 2025 жылдың алғашқы алты айында $23 млрд инвестиция тартқан. Салыстыру үшін айта кетсек, Латын Америкасы елдері соңғы он жылдағы ең төменгі инвестиция мен келісімшарт көлемін көрсеткен.
Бұған дейін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Энергетика министрлігі, Қытайдың CNPC корпорациясы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ және Ақтөбе облысының әкімдігі арасында карбамид зауытының құрылысын көздейтін инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде негіздемелік келісімге қол қойылды.