«Бір-бірін құтқармақ болған»: Павлодарда 6 жұмысшының өліміне кім кінәлі екені анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-де алты жұмысшының қазасына себеп болған топтық жазатайым оқиғаға қатысты арнайы тексеру аяқталды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Ведомствоның хабарлауынша, тексеру барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланып қалғаны анықталды. Оған көмек көрсетуге ұмтылған өзге жұмысшылар да кезекпен құдыққа түскен.

Осылайша, бір-бірін құтқаруға әрекет жасаған алты жұмысшы күкіртсутегінен уланып, көз жұмған.

Арнайы комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін және қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады.

— Сонымен қатар кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, оның ішінде авариялық жағдай туындаған және құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздіктің қажетті деңгейі қамтамасыз етілмеген. Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші — «Aqtogai Milk» ЖШС-нің кінә дәрежесі 100 пайыз деп белгіленді, — делінген хабарламада.

Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сонымен қатар анықталған бұзушылықтарды жою және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша ұсынымдар әзірленді.

Министрлік жұмыс берушілерді құдықтарда, резервуарларда және басқа да жабық кеңістіктерде жүргізілетін қауіптілігі жоғары жұмыстарды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударуға үндеді.

Ведомствоның мәліметінше, жұмысшыларды қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету, оларды қауіпсіз жұмыс істеу әдістеріне оқыту, сондай-ақ авариялық жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар мен құтқару жұмыстарына дайындау қажет.

— Қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау — жұмыс берушінің тікелей міндеті әрі жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі шарттарының бірі, — деп атап өтті министрлік.

Еске салайық, 2026 жылғы 20 шілдеде Павлодар облысының Жоламан ауылында орналасқан кәсіпорында алты адам қаза тапты.

Үкімет басшылығының тапсырмасымен оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Кейінірек тірі қалған бір тұрғын ауруханадан шығатыны хабарланды.