Бір дәрігер бірнеше мамандық бойынша пациент қабылдай ала ма – министрлік жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде бір дәрігердің бір-бірінен бөлек бірнеше медициналық мамандық бойынша пациент қабылдауы қызу талқыланып жүр. Осыған байланысты Kazinform тілшісі бір дәрігердің бірнеше мамандық бойынша жұмыс істеуіне заңнамада рұқсат бар ма және оған қандай талап қойылатыны жөнінде Денсаулық сақтау министрлігіне сұрау салды.

Фото: Pixabay.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы орынбасары Жандос Әділханның айтуынша, дәрігер бірнеше медициналық мамандық бойынша пациент қабылдай алады. Бірақ ол жұмыс істейтін әр мамандық бойынша тиісті маман сертификатына ие болуы керек.

– Қазір елімізде 56 медициналық мамандық бойынша кәсіби стандарт бекітілген. Кәсіби біліктілік дәрігердің белгілі бір мамандық аясында жұмыс істеуі үшін қажетті білімін, дағдысын және құзыретін айқындайды. Сертификаттау рәсіміне сәйкес, дәрігер әрбір мамандық бойынша сертификатқа, яғни клиникалық практикамен айналысуға рұқсат беретін құжатқа ие болуы тиіс, - деп түсіндірді төраға орынбасары.

Ведомство өкілінің хабарлауынша, қазір жаңа мамандық бойынша маман сертификатын алу үшін дәрігер сол бағыт бойынша резидентураны аяқтауы керек. Резидентура – белгілі бір мамандық бойынша кәсіби біліктілік алуға немесе дәрігердің бұрынғы кәсіби біліктілігін өзгертуге арналған жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру деңгейі. Резидентура бағдарламасы мамандыққа байланысты 2 жылдан 4 жылға дейін созылады.

– Бұған дейін басқа тәртіп болды. 2022 жылғы 15 қарашаға дейін жаңа мамандық бойынша сертификатты қайта даярлаудан өткенін растайтын құжат негізінде алуға мүмкіндік болды. Мұндай қайта даярлау кемінде 860 сағаттық оқуды талап етті. Сол кезеңде тәжірибелі дәрігерлер өзінің қолданыстағы кәсіби бейіні – терапевтік, педиатриялық немесе хирургиялық бағыт шеңберінде қайта даярлаудан өтіп, жаңа мамандық бойынша сертификат ала алды. Сондықтан бүгінде бір дәрігерде бір бейінге жататын екі немесе одан да көп мамандық бойынша сертификат болуы мүмкін, - деді Жандос Әділхан.

Бұдан бөлек, ол 2021 жылдан бастап сертификаттау курстары енгізілгенін еске салып өтті. Олар мамандық бейіні шеңберінде дәрігердің қосымша кәсіби білімін, білігі мен дағдыларын кеңейтуге және тереңдетуге бағытталған. Мұндай курстардың көлемі 10 кредиттен, яғни 300 академиялық сағаттан басталады.

– Осылайша, бір дәрігердің бірнеше мамандық бойынша пациент қабылдауының өзі заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда ол әр мамандық бойынша клиникалық практикамен айналысуға құқық беретін тиісті сертификатқа ие болуы тиіс, - деді төраға орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін остеопат дәрігер белгілеген емдеу шарасын не себепті алмастыра алмайтынын жазған едік