Бір форманы міндеттеп, ақша жинауға бола ма: Ата-аналарға кеңес

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мемлекеттік мектептер ата-ананы мектеп формасын нақты бір дүкеннен сатып алуға міндеттей алмайды. Сондай-ақ мектептегі спорт секциясы мен үйірме де тегін болуы тиіс. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның сөзінше, мектеп тарапынан нақты бір жеткізуші немесе дүкеннен киім сатып алуды талап ету - заңсыз әрекет. Білім ордасы ата-ананы мектеп формасын таңдауда мәжбүрлей алмайды. Биыл Алматыдағы №222 мектепте мұндай жағдай тіркелген. Ата-аналардың шағымынан кейін басқарма тексеру жүргізіп, мектеп директорына қатысты тәртіптік шара қолданылған.

- Мектеп әкімшілігінің ата-аналарды нақты бір дүкенге барып, белгілі бір форманы сатып алуға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Мұндай жағдай болып жатса, бірден бізге хабарлап айтыңыздар, – деді Сәкен Аралбаев.

Алматыда мектеп формасының қою көк түсті болуы ұсынылған. Алайда ведомство басшысы бұл тек ұсыныс екенін атап өтті.

Сәкен Аралбаев ақылы үйірмелер мен секциялар бойынша да пікір білдірді. Өткен оқу жылында ата-аналар мемлекеттік мектептерде қосымша сабақ үшін ақша талап еткенін айтып шағымданған.

- Мемлекеттік мектептерде білім беру тегін, оның ішінде қосымша білім беру де кіреді. Мектепте спорт секциясы, шығармашылық үйірме мен басқа да сабақ ақылы болмауы тиіс, – деді ол.

Басқарма басшысы мектепте қосымша сабаққа ақша талап етілсе, ата-аналар алдымен білім беру ұйымының әкімшілігіне, кейін аудандық білім бөліміне немесе тікелей Алматы қаласының Білім басқармасына жүгіне алатынын еске салды.

Бұған дейін Алматы мектептерінде ЖИ қалай қолданылатынын жазғанбыз.