«Бір күндік клиника» жобасы: денсаулық сақтау саласында жаңа реформа

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл денсаулық сақтау саласында қандай оң өзгерістер мен реформалар жүзеге асырылмақ? Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.  

Фото: pexels

«Бір күндік клиника» жобасы 

«Бір күндік клиника» жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылған өңірлердің тәжірибесі бүкіл Қазақстанға таратылады. Оны іске асыру жүкті әйелдерді пренатальды диагностикалаудың инновациялық әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және денсаулығында туа бітті кінәраты мен хромосомалық патологиясы бар бала туу қаупін дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді. Бір күн ішінде «бір терезе» қағидаты бойынша пренатальды диагностика және тексеру нәтижелерін алу қызметтері мен әдістерінің жоғары сапасы жүзеге асырылды. Бүгінге дейін бұл мүмкіндікті 35 мыңнан астам әйел пайдаланған.

«Ұрық медицинасы» жобасы

Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет «Ұрық медицинасы» жобасы іске асырылды. Бұл – отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа бағыт. Ол аз инвазивті процедуралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын емдеуге және түзетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 20 жатырішілік ота жасалды. Аталған жоба 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл республика бойынша жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін жаңа жыл қарсаңында жәдел жәрдем 27 мыңға жуық шақырту бойынша қызмет көрсеткенін жазған болатынбыз.