7-8 келі салмақ тастаған кезім болды – он жылдық тәжірибесі бар Аяз ата
Т. Ахтанов атындағы драма театр актері Мейірбек Шакенов 10 жылдан астам уақыттан бері Жаңа жыл кештерінің Аяз атасы болып жүр. Ол Kazinform тілшісіне әр кештің ерекшелігі мен жұмыстың қыр-сырын айтып берді. Айтуынша, ең жауаптысы – әлі де бір кереметке сенетін балалардың көңілінен шығу...
- Аяз ата образын алғаш сомдаған күніңіз есіңізде ме?
- Көп актер Аяз ата болуды студент кезінен бастайды. Оған дейін де түрлі кейіпкерді сомдауға тура келеді. Ал Аяз атаны бойшаң, дауысы зор актерлар алып шығады. Кейбір адамның түр-тұлғасы арық болуы мүмкін. Ол кезде шапанның ішінен күрте киіп жүресің. Мен студент кезде бастадым. Кез келген студент табыс табу үшін Жаңа жыл мерекесінде жұмыс істейді. Ойын-сауық орталығында Аяз ата болдым. 2010 жылы еді. Қазір ойлап отырсам 10 жылдан асып кетіпті. Өзім Астана мен Қарағанды қалаларындағы театрда жұмыс істедім. Ақтөбеге оралдым. Әр қалада да Аяз ата болдым.
- Жаңа жыл мерекесін тойлау балабақша, мектепте ерте басталады. Сіз Аяз ата шапанын қай күннен бастап киесіз?
- Біріншіден, Аяз атаны сомдау үшін міндетті түрде екі тілді білген жөн. Екіншіден, мектепте, театрда, Президент шыршасы мен ұжымдық кеште және үйге шақыртумен Аяз ата болудың өз ерекшелігі бар, яғни түрлі аудиторияға орай өзгеруге тура келеді. Балалардың жанында мінезі жұмсақ, қарапайым үлкен атаны сомдаймыз. Президент шыршасында ресми әрі әдемі болуың керек. Ұжымдық кештерде көңілді әрі түрлі ойындарға қатысып, әзіл айта білетін адам болу қажет. Шоу етіп өткіземіз. Аяз атаның жұмысы 20 желтоқсан күні басталып, 31-інде де жалғаса береді. Есіме бір оқиға түсіп тұр. 31 желтоқсан күні сағат түнгі 12-ге таяп қалды. Ақшақар да, мен де үйге қайтамыз деп отырғанда бір баланы құттықтауды ұмытып кеткенімізді білдік. Тапсырыс беруші телефон соғып: «Балам жылап жатыр, келіңізші», - деп өтінішін қайта айтты. Ақшақар екеуміз барамыз деп шештік. Құттықтадық, үйден шыққанда көпшілік отшашу тамашалап, Жаңа жыл мерекесімен құттықтап жатыр. Өз үйімізге түнгі 1-ге таман жеттік.
- Үйге барып құттықтау әлі де сәнде ме?
- Бала Аяз атаға хат жазады. Ата-анасы бізге баласы туралы жан-жақты айтып, сыйлығын да әзірлеп қояды. Кейбір бала тұйық, оны сөйлете білу керек. Арасында орыстілдісі де бар. Бірақ олар қазақ тілінде сөйлесіп, қазақша әңгімелескенімізді қалайды. Ата-аналары алдын ала дайындап, тақпақ жаттатады. Үйге кірген бойда: «Маған кім хат жазды?» - дейсің. «Мен жаздым», - деп бала атып шығады. Аяз атаға не дайындағанын сұрап, өнерін тамашалаймыз. Осылай жүгіріп жүргенде бір маусымда 7-8 келі салмақ тастаған кезім болды. Себебі, қалың күрте, оның сыртынан шапан киіп, үйге кіріп, үйден шығып жүгіріп жүру де оңай жұмыс емес.
- Тапсырысты қалай қабылдайсыз?
- Мереке, той өткізетін әртүрлі орталықтар бар. Оларға байланыс нөмірімізді беріп қоямыз. Жұмыстан тыс уақытта барып, қосымша табыс табамыз. Бір айта кеткім келетіні, Аяз атаның киімі дұрыс болуы керек. Қазір сырт келбетің мен киімің де маңызды рөл атқарады. Мен арнайы тіктіріп алдым. Бір тапсырыстан екіншісіне барған кезде рульге сол киіммен отыра беремін. Ондайда көшеде адамдар мәз болып, құттықтап жатады. Ал Аяз атаның қапшығының ішінде дыбыс зорайтқышы бар. Бірден музыка ойнатып, көңілді жүреміз.
- Балалар ерте есейеді деп айтып жүрміз. Олар Аяз атаға неше жасқа дейін сенеді?
- Дұрыс айтасыз, балалар ерте есейді. Көп дегенде 3-4 сыныпқа дейін сенеді. Кейбір бала сенбейді, бірақ оның көзі күліп, қуанып тұрады. «Аға, сіздің Аяз ата рөлін сомдап тұрғаныңызды білемін, бәрі жақсы болды. Сыйлығыңызға рахмет», - деп шын көңілін білдіреді, құшақтап алады.
- Мерекелік Жаңа жыл кешіне балалар дайындықпен келе ме?
- Бұрын «Аяз ата аппақ...» деп басталатын тақпақ айта беретін. Қазір бәрі өзгерді, жаңарды. Жаңа жылдың тағы бір жақсы жері, бала көпшіліктің алдына шығып жаттағанын айтады, өз-өзін көрсетеді. Ол да оңай нәрсе емес. Кейбір балалар ашық, кейбірі тұйық. Сондай балалармен тең сөйлесу де шеберлікті қажет етеді.
- Олар қандай сыйлық сұрайды, алады?
- Сыйлықтың түрі көп. Кейбірі қапшыққа сыймайды. Ата-аналары үлкен машина, тіпті қымбат маркалы телефон сыйлайды. Ерекше балаларға да барамыз. Сөйлесіп, құшақтап, фотоға түсіп, соңында ата-аналары шайға шақырып, қапшығымызға түрлі дәм салып жатады. Былтыр құттықтап барған отбасы биыл да шақырып жатыр. Баланы үйге құттықтап барғанда 15-20 минутқа, ал ұжымдық кештерде түнге дейін жүреміз. Әрқайсысына бөлек дайындық жүргізіледі.
- Өзіңіз неше жасқа дейін Аяз атаға сендіңіз?
- Мен 2-3 сыныпқа дейін сенген шығармын. Ауылда Аяз атаның киімі де жұпынылау болды. Әрі апайымызды да танып тұратын едік. Сонда да бізге қызық болды. 90-жылдары дефицитті ұғынып өскен ұрпақпыз. Мандаринді, апельсинді тек Жаңа жыл кезінде жейтін едік. Сыйлықты аудан орталығынан әкеледі. Ішіндегі тәттілер де біз үшін қымбат болды. «Лапландияда, белгілі бер жерде Аяз ата бар шығар, бәлкім, бірақ біз осылай тойлаймыз» деп ойладым өзім.
- Өзіңіз туралы...
- Өзім А. Жұбанов атындағы музыка колледжін, «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетін бітірдім. Астанада, Қарағандыда жұмыс істеп, 2018 жылы Ақтөбеге келдім. Мектеп жасынан ән айттым, өлең оқығанды жақсы көрдім. Кейін Астанаға барған кезде жатақханада актер мамандығын таңдағандардың жанына тап болдым. Олармен бірге кешкілік театрға барып, қойылым тамашаладым. Жанымдағылар актер болуға бойым, түрім, дауысым келетінін айтқан соң музыка бағытынан күрт бұрылып, театр саласын таңдадым.
- Қорқыныш болмады ма?
- Бәсекелестік өте жоғары болды. 70 баланың ішінен 12-сі оқуға түсті. Музыка, тіл тазалығы, дикция, дене бетімің, биге икемің де қаралады. Омыртқаң да сау болуы тиіс. Үшінші курсты бітірген соң кастингке қатысып, Астана театрында жұмыс істедім. Бір жылдан соң курстастарымның бәрі Қарағандыға кетіп, мен де сонда бардым.
- Тәуекелге жиі бел буасыз ба?
- Иә, оны жасырмаймын.
- Еңбегіңіздің жемісін көріңіз.