Бір отбасы шетелдегі демалысқа қанша шығындайды

АСТАНА. KAZINFORM — Жазда туризм саласы қарбаласқа толы болады. Сұраныс артады, сәйкесінше баға да өседі. Қазақстандағы ірі туроператорлардың ұсынысын талдау кезінде төрт адамнан тұратын бір отбасының (екі ересек және екі бала) 7 түндік тур құны анықталды. Kazinform тілшісі Алматы қаласынан шығатын тур бағасын саралады.

Фото: Kazinform / ЖИ

Турмаршрут бағасын есептегенде ең арзан ұсыныс таңдалды. Бұл сомаға әуе билеті мен қонақүйде тұру қызметі кіреді. Сонымен бірге тек таңғы ас есептелді. Егер үш мезгіл ыстық тамақ кірсе, бағасы өсе түседі. Отбасылық демалыс бағыттарының рейтингі (ең арзаны мен ең қымбаты) мынадай:

Грузия (850 мың теңгеден бастап) — ең қолжетімді бағыт. Бұл ел жақын, сәйкесінше ұшу уақыты қысқа. Әрі тікелей рейстер көп және арзан баспана жеткілікті. Алайда туристер тамақтану шығынын өздері көтереді.

Мысыр (920 мың теңгеден бастап) мен Түркия (990 мың теңгеден бастап) — қазақстандықтар арасында ең танымал чартерлік бағыттардың бірі. Арзанының өзінде «бәрі қосылған» қызметі болуы мүмкін. Бірақ жатын орын теңізден алыстау орналасқан үш жұлдызды қонақүй болады. Отбасылық демалысқа қолайлы бес жұлдызды қонақүй мен сапалы All Inclusive жүйесін таңдасаңыз жолдаманың құны шамамен 1,5–2 есе өседі.

Вьетнам (1,05 млн теңгеден бастап) мен Таиланд (1,15 млн теңгеден бастап) — алыс әрі тасымал құны жоғары бағыттар, яғни қазақстандықтар үшін Таяу Шығыс сапары қымбатырақ. Негізі туртоптамаға тек таңғы ас кіреді. Сондықтан түскі және кешкі асты туристер өздері төлейді.

Мальдив аралдары (2 млн теңгеден бастап) және Бали (2,35 млн теңгеден бастап) — ең қымбат әрі премиум санатындағы курорт. Төрт адамға арналған әуе билеті (Балиға көбіне бірнеше рет ауысып ұшуға тура келеді) жалпы бюджеттің 70 пайызын құрауы да мүмкін. Мальдив аралдарына тек таңғы ас қарастырылған кезде қонақүй аумағындағы қымбат мейрамханаларға қосымша ақы төлеуге тура келеді. Бұл кезде жалпы шығын екі есеге дейін артып кетеді.

Жолдаманың бағасы балалардың жасына қарай өзгеріп отырады. Көптеген қонақүйде 6–12 жасқа дейінгі балаларға жеңілдік ұсынады. Ал егер балалар жасөспірім болса, олар ересектер сияқты толық турмаршрут бағасын алады, яғни сапар құны едәуір қымбаттауы мүмкін.

Сонымен қатар, арзан турды таңдаған отбасы қосымша шығынға дайын болуы керек. Олардың қатарында әуежайдан қонақүйге дейінгі тасымал, міндетті медициналық сақтандыру, курорттық төлем (Бали мен Мальдив аралдарында), сондай-ақ ойын-сауыққа жұмсалатын ақша бар.

Сарапшылар шығынды азайту үшін жолдаманы бірнеше ай бұрын ерте брондауға кеңес береді. Себебі шілде-тамыз айларында отбасылық арзан жолдама табу қиын. Кейде бағасын күрт арзандатып ұсынады. Мұндайда қолайлы нөмірлер ең алдымен сатылып кетеді.

Айта кетейік, бұл баға маусым айында есептелді. Валюта бағамы мен әуе компанияларының тарифі де жолдаманың жалпы құнына тікелей әсер етеді.

Инфографика: Kazinform

Еске салсақ, қазір ішкі туризмге де сұранысқа жоғары. Былтыр Қазақстандағы орналастыру орындарының саны 4 482-ге жетті, ал олардың жалпы сыйымдылығы 232 мыңнан астам төсек-орынды құрады.