Палестина Мемлекетінің Қазақстандағы елшісі, дипломатиялық корпус дуайені Монтасер Абу Зейдтің айтуынша, байқаушы ретінде осымен алтыншы рет қатысып отыр.
— Бүгінгі сайлауға тоқталсақ, біз таңертеңнен бері бірқатар сайлау учаскесін араладық. Ешқандай заң бұзу деректері тіркелген жоқ. Азаматтар ешқандай қысымсыз, өз еркімен және көтеріңкі көңіл-күймен дауыс беріп жатыр. Мен Қазақстан халқын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты осы демократиялық Құрылтай депутаттарын сайлаумен құттықтай отырып, Қазақстан халқына бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылық тілеймін, — деді Палестина елшісі.
Өз кезегінде Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституция негізінде жүзеге асырылып жатқан осындай тарихи оқиғаға қатысу үлкен мәртебе екенін атап өтті.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көшбасшылығымен елде ауқымды саяси реформалар іске асып жатыр. Бір палаталы Құрылтайға ауысу — саяси жүйені жаңғыртуды білдіреді. Бұл жай ғана символдық қадам емес. «Құрылтай» сөзінің өзі — түркі әлеміндегі маңызды мемлекеттік мәселелер талқыланатын алқалы жиынды білдіретін дәстүрлі атау. Сондықтан Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы аясында және оның негізінде өткізіліп отырған бүгінгі сайлау — тарихи оқиға, — деді Түркия елшісі.
Сонымен қатар ол бүгінгі сайлау барысында дауыс беру заң талаптарына сәйкес жүріп жатқанын айтты. Бұл процеске байқаушы ретінде көптеген халықаралық ұйым тартылып, барлығы ашық өтіп жатыр.
Бұдан бөлек, Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рахман Мохамад Фаджроелдің сөзіне қарағанда, ол өзі таңертеңнен бері үш сайлау учаскесіне барған.
— Бұл сайлау учаскелерінде дауыс берген адамдарға, комиссия мүшелеріне және саяси партиялардың өкілдеріне сұрақтар қойдым. Мәселен, Қазақстандағы демократия мен сайлаудың халықаралық стандарттарының, яғни таңдау еркіндігі мен еркін дауыс беруге қатысты қағидалар жөнінде сауал қойдым. Бұл ретте барлығы заң талаптарына сай өтіп жатыр деп жауап берді. Осы орайда еркін әрі әділ сайлау жөніндегі халықаралық стандарттарды ұстанғаны үшін Қазақстанды құттықтағым келеді. Осылайша, Қазақстан бүкіл әлемге өзінің демократиялық мемлекет екенін айқын көрсетіп отыр, — деді Индонезия елшісі.
Бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.