Бір педагогке – 4 штат: Шымкенттегі 83 мектепте мұғалімдердің жүктемесі нормадан асып кеткен

Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкенттегі кейбір мектептерде педагогтердің апталық жүктемесі 24 сағат нормасынан асып, кейбірі 75 сағатқа дейін жұмыс істегені анықталды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің мәлімдеуінше, Sana ақпараттық компонентін енгізу барысында педагогтердің заңнамада белгіленген нормадан едәуір артық жүктеме алып отырғаны анықталған. 

Спикердің айтуынша, еңбек кодексіне сәйкес, педагогтің апталық нормативтік жүктемесі – 16 сағат, ал бір жарым ставкамен жұмыс істеу барысында жүктеме 24 сағаттан аспауы тиіс. 

– Талдау нәтижесінде кейбір педагогтердің 40-50-60 сағатқа дейін, тіпті 75 сағатқа жуық жүктеме алғаны анықталды. Мәселен, 60 сағаттық жүктеме төрт штаттық бірлікке тең болғанымен, оны бір педагогтің атқарып отырған жағдайлары тіркелген. Мұндай заң бұзушылықтар Шымкент қаласындағы 83 мектепте анықталып, 1 286 педагогтің жүктемесі белгіленген нормадан асып кеткен, - деді әкімдіктің ресми өкілі.

Сонымен қатар бірқатар білім беру ұйымында бір мезетте екі штаттық бірлікті қатар атқарған қызметкерлер де бар. 

– Мысалы, бір педагог оқу ісі жөніндегі орынбасар бола отырып, сол мекемеде тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың да штаттық бірлігін иеленген. Бұл жағдай жұмыс уақытының нақты мүмкіндігіне сәйкес келмейтінімен және еңбек заңнамасына қайшы екенімен ерекшеленеді, - деді ол.

Спикердің сөзінше, Оқу-ағарту министрлігі, прокуратура және еңбек инспекциясымен жүргізілген талқылау нәтижесінде педагог жүктемесінің 24 сағаттан аспауы тиіс екені нақты айқындалған. 

– Осыған байланысты мектеп директорларына 1 қаңтардан бастап педагогтердің жүктемесі 24 сағаттан аспауға тиіс екені ескертілді. Бұл шешімнің 1 қаңтардан бастап енгізілуі бюджеттік жоспардың жыл басынан бекітілуімен байланысты болып отыр. Ал штаттық кесте мен тарификациялық бірліктер жылына екі рет – 1 қаңтарда және 1 қыркүйекте бекітіледі, - деді қала әкімінің орынбасары.

Бұдан бұрын Шымкентте оқушыны ұрған мұғалім қамауға алынғанын жазған едік.