Бір топ атыраулық мемлекеттік наградамен марапатталды

Фото: Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Атырауда Республика күніне орай «Тұғыры биік Қазақстан» атты салтанатты іс-шара өтті. Онда мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 44 адам марапатталды, деп хабарлайды Kazinform. 

Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов өңір жұртшылығын Республика күнімен құттықтап, әр саланың үздіктеріне награда тапсырды. 

Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

– Бұл тарихи құжат ел Конституциясы мен заңдарының үстемдігін айқындап берді. Біз жас буынға ел тарихындағы осындай айтулы күндердің бағасы мен мәнін ұғындыруымыз керек. Қоғамда шынайы демократияландыру процесі жүріп жатқанын азаматтардың еркі мен бостандығының қамтамасыз етілуінен, азаматтық қоғам құра алғанымыздан анық аңғаруға болады, - деді Серік Шәпкенов. 

Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Президент Жарлығымен «Парасат» ордені еңбек ардагері Мәдина Ғабдісәлімоваға тапсырылды. «Құрмет» орденімен – 9, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 3 адам мараптталды. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі – 19, «Шапағат» медалі 2 адамға берілді. 

Марапатталғандардың арасында еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер, мұнайшылар, спортшылар мен мұғалімдер, медицина қызметкерлері, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен өнер, энергетика саласының, БАҚ-тың өкілдері бар. Мәселен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов пен «Былина» газетінің тілшісі Лев Гузиков марапатталды. 

Бір топ атыраулық Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын алды. Ал М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының артисі Ғазиза Бисенова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.