Бір видео – мыңдаған клиент: шағын бизнес TikTok-ты қалай пайдаланады

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде миллиондап қаралған бейнежазба кәсіпкерге қанша табыс әкелуі мүмкін? Kazinform тілшісі гүл саудасымен және былғары бұйымдар тігумен айналысатын кәсіпкерлермен сөйлесіп, қысқа видеолардың жаңа клиенттер тартуға, өнімді танытуға және тапсырыс санын арттыруға қалай ықпал ететінін сұрап көрді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Жарнама орнына шынайы эмоция

Гүл саудасы нарығында кәсібін жүргізіп жүрген Әділ Тасболатовтың айтуынша, қазір ақылы жарнамаға қаржы жұмсамай-ақ кең аудиторияға шығуға мүмкіндік бар.

– Біз әрдайым жаңа платформаларды зерттейміз. TikTok-ты алғаш пайдалана бастағанда оның басқа платформалармен салыстырғанда ақылы жарнамасыз-ақ қаншалықты кең аудиторияға шығуға мүмкіндік беретінін байқадым. Алғашында жеке парақшамда контент жарияладым. Ешқандай қаржы жұмсамадық, бірақ видеоларымыз жақсы тарала бастады. Мұнда ең маңыздысы – көрерменнің назарын бірден аудару, - дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, қысқа бейнежазбаның табысты болуы көбіне алғашқы секундтарға, яғни hook тәсіліне байланысты. Егер көрерменді бірден қызықтыра алмаса, ол келесі видеоға өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан команда бейнежазбаның басында назар аударатын сәттерді көрсетіп, оқиғаның қалай аяқталатынын соңына дейін көруге ынталандырады. Мәселен, команда кейбір видеолардың соңында қатысушыларға күтпеген сыйлық ұсынып, оқиғаның немен аяқталатынын білуге деген қызығушылықты арттырады.

Кәсіпкердің пікірінше, қаралымның көп болуы бейнежазбаның ұзақтығында немесе түсірілімге жұмсалған қаражатта ғана емес, көрерменнің қызығушылығын қаншалықты ұстап тұра алатынында.

Ал компанияның контент-мейкері Дана Нұрша әлеуметтік желідегі жұмыстың тағы бір маңызды қырына тоқталды. Оның айтуынша, басты мақсаттардың бірі – брендті көпшілікке жақындату.

Фото: Дана Нұршаның жеке мұрағатынан

– Біз өнімдеріміздің көпшілікке қолжетімді екенін көрсеткіміз келді. Өйткені адамдар бізді көбіне қымбат гүл сататын дүкен ретінде қабылдайтын. Сондықтан гүлді жарнамалаудан гөрі, адамдардың шынайы қуанышы мен әсерін көрсетуге басымдық бердік. Соның нәтижесінде видеоларымыздың қаралымы артып, көпшіліктің қызығушылығын оята алдық. Кейін бұл сатылымға да оң әсер етті, - дейді.

Осы мақсатта команда көшеде бейтаныс адамдарға тегін гүл сыйлап, олардың қуанышын бейнежазбаға түсірген. Кейде тұрғындарға сұрақ қойып, күтпеген жерден гүл шоғын табыстаған. Мұндай видеоларда басты назар гүлдің бағасына немесе оны сатып алуға шақыруға емес, адамдардың эмоциясына аударылады.

Оның сөзінше, мұндай бейнежазбалар арқылы компания өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, көрермендермен жақынырақ байланыс орната алған. Адамдар видеоларға пікір жазып, оларды өзгелермен бөлісе бастаған. Бұл брендтің танымалдығына да әсер еткен.

Қазір компания Қазақстанның бірнеше қаласында жұмыс істейді, франшизалық желісі де бар. Дана Нұршаның айтуынша, тіпті Чикагода да дүкені ашылған.

Қолөнерді контентке айналдырған шебер

Ал былғарыдан бұйымдар жасайтын Олег Тян әлеуметтік желіні мүлде басқа бағытта пайдаланады. Ол үшін бастысы – дайын тауарды көрсету емес, оның қалай жасалатынын көрсету.

Фото: Олег Тянның жеке мұрағатынан

Олег Тян ағасымен бірге 2017 жылдың соңында былғарыдан бұйым жасауды қолға алған. Алғашында екеуі бұл кәсіпті үй жағдайында үйреніп, түрлі тәсілді зерттеген. Кейін өздері жасаған өнімдерге сұраныс бар-жоғын анықтау үшін шағын цех ашуға бел буады.

Ағайындылар жертөледен орын жалдап, жұмысты бастайды. Алғашқы кезде әлеуметтік желілер арқылы өнімдерін таныстырып, тұтынушылар іздейді. Шеберхана ашылғаннан кейін шамамен бір жарым ай өткенде алғашқы корпоративтік тапсырыс түседі. Осы тапсырыс кәсіптің одан әрі дамуына жол ашады.

– Сол кезде мұндай өнімдерге шынымен сұраныс бар екенін түсіндік. Тапсырысты орындағаннан кейін түскен қаражатқа қосымша жабдық сатып алып, өндірісті біртіндеп кеңейте бастадық, - дейді кәсіпкер.

Қазір шеберханада әмиян, портмоне, картхолдер және басқа да былғары бұйымдар жасалады. Кәсіпкерлер өнім түрлерін біртіндеп көбейтіп келеді. Сонымен қатар тапсырыс берушілерге бұйымды өз қалауына қарай безендіруге мүмкіндік береді. Мәселен, сатып алушы әмиянға адамның аты-жөнін, суретін немесе үй жануарының бейнесін түсірте алады. Ол үшін лазерлік гравировка сияқты тәсілдер қолданылады. Мұндай бұйымдар, әсіресе жақын адамдарға сыйлық ретінде ұсынылатын көрінеді.

– Біз TikTok-та да өнімдерімізді таныстырамыз. Бұл платформаның біз үшін ерекшелігі – оны жай ғана онлайн дүкен ретінде пайдаланбаймыз. Ең алдымен, бұйымның жасалу процесін көрсетеміз. Былғарыны қалай пішетінімізді, өңдейтінімізді, қалай тігетінімізді түсіреміз. Адамдар өнімнің дайын күйінде қайдан келгенін ғана емес, оның басынан аяғына дейін қалай жасалғанын көргісі келеді, - дейді Олег Тян.

Кәсіпкердің сөзінше, мұндай бейнежазбалар адамдардың қол еңбегіне деген қызығушылығын арттырады. Көрермен бұйымның жасалу кезеңдерін бақылап, пікір қалдырады, сұрақ қояды. Кейбірі өнімді сатып алуға қызығушылық танытады.

Олег Тян мұны әлеуметтік желідегі адамдардың әдетімен байланыстырады. Оның айтуынша, жұмыстан кейін әлеуметтік желіні қарап отырған адам бір бұйымның қалай жасалатынын көрсе, процесті соңына дейін бақылауға қызығуы мүмкін.

– Біздің контент те осыған негізделген. Пікірлерден, жазылушылардың белсенділігінен адамдарға мұндай процесс қызық екенін байқаймыз. Шеберхана үшін әлеуметтік желі жаңа тұтынушылар табудың бір жолы болғанымен, клиенттердің тауарды бір-біріне ұсынуының да маңызы зор. Кейбір сатып алушылар бұйымды өзіне алып, кейін жақындарына сыйлық ретінде қайта тапсырыс береді, - дейді кәсіпкер.

Шеберханада былғарыдан бұйым жасауды үйрететін шеберлік сабақтары да өтеді.

– Бізге шеберлік сабақтарына келетін адамдардың арасында өте белсенді, қызығушылығы жоғары жандар бар. Олармен танысып, сөйлесеміз, тәжірибемізбен бөлісеміз. Кейбірі кейін үйінде былғарыдан бұйым жасай бастайды, енді бірі мұны кәсіпке айналдырады. Біз оларды бәсекелес ретінде емес, бір кәсіпті меңгерген әріптес ретінде бағалаймыз. Біреудің қолынан іс келіп жатса, біз де қуанамыз, - дейді Олег Тян.

Қазір Алматыдағы шеберхананың өнімдері Қазақстанның басқа өңірлеріне және шетелге де жеткізіледі.

Бір видео бірнеше жылдық жарнамадан тиімді болуы мүмкін

Әлеуметтік желінің бизнеске ықпалы тек жекелеген кәсіпкерлердің тәжірибесінен ғана байқалмайды. TikTok пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен зерттеуінде платформаны пайдалану жиілігі, маркетингтік шығындар және кәсіпкерлердің табысқа қатысты бағалауы да қарастырылған.

Сауалнама нәтижесінде кәсіпорындардың 14,6%-ы TikTok-тағы белсенділікпен байланыстыратын табыс үлесін кемінде 25% деп бағалаған. Ал платформаны апта сайын немесе одан жиі пайдаланатын кәсіпорындардың шамамен 11%-ы жалпы табысының жартысынан астамын байланыстыратынын мәлімдеген.

Маркетингтік шығындарға қатысты көрсеткіштер де назар аудартады. Арнайы бюджет бөлмейтін кәсіпорындар жалпы табысының орта есеппен 3,9%-ын осы платформамен байланыстырған. Ал маркетингтік бюджетінің 70%-дан астамын TikTok-қа бағыттайтын компанияларда бұл көрсеткіш 42%-ға жеткен.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин әлеуметтік желілердің шағын және орта бизнес үшін маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

– Қазір әлеуметтік желілердің, әсіресе TikTok платформасының шағын және орта бизнес өнімдерін танытудағы ықпалы зор. TikTok-та жарияланған бір бейнежазба шағын кәсіпорынның өз өнімін бірнеше жыл бойы жарнамалау арқылы қол жеткізгісі келген нәтижесінен де асып түсуі мүмкін, - деді ол.

Бұдан бөлек, сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 43,7%-ы бұл платформаны бизнес мақсатында ай сайын пайдаланатынын хабарлаған. Бұл - өткен жылғы ұқсас зерттеудегі көрсеткіштен 29,5%-ға көп. Ал 27,2%-ы апта сайын немесе одан да жиі пайдаланады. Осылайша, зерттеу сауалнамаға қатысушылардың 70%-дан астамы платформаны айына кемінде бір рет пайдаланатынын көрсетіп отыр.