Алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелерді еліміздің барлық өңірінде өткізу көзделген. Жәрмеңкеге Ақмола, Абай, Қарағанды, Павлодар және еліміздің басқа да облыстарынан келген шаруа қожалықтары қатысады.
Іс-шараның негізгі мақсаты — халықты сапалы ет өнімдерімен қолжетімді бағада қамтамасыз ету, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін тікелей сатуға жағдай жасау және фермерлер мен тұтынушылар арасындағы делдалдар санын қысқарту.
Мұндай жәрмеңкелерді өткізу ішкі сауданы дамытудың, отандық өндірушілерді қолдаудың және халық үшін азық-түлік тауарларының қолжетімділігін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі болып саналады.
Сонымен қатар, «Соғым-FEST» ұлттық дәстүрлерді сақтауға бағытталған. Соғым- қазақ халқының қыстық ет дайындауға байланысты ежелден келе жатқан дәстүрі. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бұл дәстүр отбасыларды бір дастархан басына жинап, ағайын-туыстың арасын жақындастырады. Бүгінде «Соғым-FEST» осы дәстүрді заманауи форматта жалғастырып, тұрғындарға ет өнімдерін тікелей фермерлерден сатып алуға мүмкіндік береді.
Жәрмеңкелер әр демалыс сайын сағат 09:00–ден 19:00–ге дейін елорданың үш сауда алаңында өтеді:
• «Keruen Joly» сауда орталығы — Алаш тасжолы, 35Б;
• «Ет Әлемі» сауда орталығы — Алаш тасжолы, 31/1;
• «Jurt» сауда орталығы — Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
Бұдан бұрын елімізде соғым бағасы қанша екенін жазғанбыз.