Бір жердің үш иесі болған: Абай облысында көп жылға созылған жер дауына сот нүкте қойды

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысында бірнеше адам таласқан жер учаскесіне қатысты көп жылдық дау аяқталды.

Фото: Norma.uz

Іс Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды.

Оқиға 2008 жылы басталған. Сол кезде шаруа қожалығының басшысы Ақсуат ауданындағы жалпы аумағы 420 гектар болатын үш жер учаскесіне жер пайдалану құқығын алған.

Кейінірек аталған аумақта өзге азаматтарға тиесілі тұрғын үйлер орналасқаны анықталған. Осыған байланысты жер учаскесінің меншік құқығы мен шекарасына қатысты мәселе бірнеше жыл бойы түрлі сот инстанцияларында қаралып келді.

2025 жылы Ақсуат ауданының әкімдігі жер учаскесінде бөгде нысандардың барын негізге алып, жер пайдаланушыдан 1,1 гектар жерді алып қою туралы қаулы шығарған. Алайда сот жергілікті атқарушы орган өз өкілеттігін асыра пайдаланған деген қорытындыға келді.

- Сот шешімінсіз жер учаскесінің шекарасын өзгерту заңды жер пайдаланушының құқықтарын бұзады, - деп хабарлады Абай облыстық сотынан.

Істі қарау барысында сот бұған дейін қабылданған шешімдерді, соның ішінде Жоғарғы соттың ұстанымын да ескерген.

- Бұған дейінгі сот шешімдерінде жер учаскесінің талапкерге заңды негізде берілгені анықталды. Ал оның шекарасына қатысты кез келген даулы өзгерістер тек сот тәртібімен шешілуі тиіс, - деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметінен.

Нәтижесінде әкімдіктің қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жер үй салу үшін 10 сотық жерді 47 адам алғаны хабарланған.