Бейнежазбада зейнеткерлердің бірі бір жыл бойы зейнетақы алмағанын, сондай-ақ өзінің банк картасы мен қаражатын орталық қызметкері алып отырғанын айтқан.
Жағдайға қатысты Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы түсінік берді.
Ведомствоның мәліметінше, желіде тараған жазбаға байланысты Шымкент қаласы әкімдігінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының және тиісті құзырлы органдардың өкілдерінен арнайы комиссия құрылды. Қазір комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттардағы әрбір дерек жан-жақты зерделенеді. Атап айтқанда, қызмет алушылардың зейнетақы төлемдері, зорлық-зомбылық фактілері, денсаулық жағдайы, сондай-ақ адам өліміне қатысты мәліметтер тиісті құзырлы органдар тарапынан тексеріледі, — делінген басқарма хабарламасында.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған деректерге құқықтық баға беріліп, заңнама талаптарына сәйкес қосымша ақпарат ұсынылады.
Сонымен қатар басқарма әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың барлығы шындыққа сәйкес келе бермейтінін атап өтті.
— Қала тұрғындарынан құзырлы органдар тарапынан құқықтық баға берілгенге дейін әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты шынайы дерек ретінде қабылдап, жалған мәлімет таратпауды сұраймыз. Ол үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабында жауапкершілік көзделген, — деп мәлімдеді басқарма.
Бұған дейін СҚО-дағы әлеуметтік орталықтарда бірқатар заңбұзу анықталғанын хабарлаған едік.