Бір жыл қамауда отыр: Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары қандай күдікке ілінді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ұлттық ұланның бұрынғы Бас қолбасшысының орынбасарына қатысты тергеу барысы жөнінде түсініктеме берді.
Kazinform агенттігі жолдаған ресми сауал жауабында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төмендегіні хабарлап отыр.
— Ұлттық ұланның бұрынғы Бас қолбасшысының орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің 450 және 366-бабы бойынша тергеу шаралары жалғасып жатыр, — деп мәлімдеді комитеттен.
Қылмыстық кодексінің 366-бабы пара алу фактісі үшін жауапкершілікті көздейді. Болған фактінің жағдайына және пара мөлшеріне байланысты жаза ірі айыппұлдан бастап 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлікті тәркілеуге және белгілі бір лауазымды өмір бойы атқару құқығынан айыруды көздейді.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 450-бабында билікті немесе өкілеттікті қызмет мүддесіне қайшы теріс пайдалану сипатталған. Ең жоғары жаза — мүлікті тәркілей отырып, мемлекеттік қызметті атқаруға тыйым салумен қатар 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылады.
Еске сала кетсек, 2024 жылы қыркүйекте Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары ұсталды.
— Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы орынбасарының құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын растайды. Қазіргі уақытта құзыретті органдар ІІМ-мен бірлесіп, тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр, — деген хабар алған едік.