«Браконьер» іс-шарасы барысында 2,3 мыңнан астам заң бұзу фактіcі анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 күннің ішінде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 2,3 мыңнан астам заңнама және ереже бұзу фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінінен хабарланды.

«Іс-шаралар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық органдарымен тығыз байланыста жүргізілді. Барлығы 961 ұтқыр рейдтік топтар құрылды, оның 224-і табиғатты қорғау органдарымен бірлескен топтар», - делінген 10-19 қазан аралығында жүргізілген шараның қорытынды мәліметінде.

Рейдтік іс-шаралар кезінде аңшылық және балық шаруашылықтары, жануарлар әлемі мен ормандарды күзету мемлекеттік мекемелер мен аңшылық және балық шаруашылықтары аумақтарының ауыл арасындағы жолдар, ерекше күзетілетін табиғи аумақтар, сондай-ақ ағаштарды тиеу орындары мен кесу нысандары барынша тексеруден өтті.

Жалпы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 2,3 мыңнан астам табиғатты қорғау заңнамасын, сондай-ақ аңшылық атыс қаруын сақтау мен алып жүру ережесін бұзу оқиғасы тіркелді. 2 126 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды және сомасы 2,6 млн. теңгеден астам айыппұл өндірілді. 186 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды.

«29 экологиялық, 3 биологиялық қордың ресурстарын сатып алу, сату және ұрлаумен байланысты және 4 қаруды, оқ-дәрiлердi, заңсыз сатып алу мен сақтау фактілер бойынша барлығы 36 қылмыстық іс қозғалды», - деп атап өтілген хабарламада.

Рейдтік топтармен 545,4 текше метр заңсыз дайындалған ағаш, 15 тоннаға жуық заңсыз ауланған, оның ішінде 274 келі бекіре тұқымдас балық, 16 заңсыз аңшылық объектісі, 350 құқық бұзушылықтар құралы, оның ішінде 198 бірлік атыс қаруы тәркіленді.

Анықталған құқық бұзушылық фактілері бойынша жалпы келтірілген зиян сомасы 5,3 млн. теңгеден асады.