6 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ақпаратты Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі таратып отыр.
«Ағымдағы жылғы қазанның 23-інде шамамен сағат 11-лерде, Күйгенжар ауылының тұсында Есіл өзеніне рұқсат қағазынсыз ау салған сол елді мекеннің еш жерде жұмыс істемейтін 1971 жылы дүниеге келген азаматы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 298-1 бабын бұзғаны үшін ұсталды. Балық аулайтын құрал тәркіленді. Ұсталған азаматқа 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар осы күні Қорғалжын тас жолы бойында 40 жастағы азамат жүргізіп келе жатқан «Тойота-Руннер» автомобилі тоқтатылып, көліктен ИЖ12 калибрлі аңшы мылтығы алынды. Сондай-ақ көлікті тінту барысында рұқсат қағазынсыз атып алынған 7 үйрек табылды. Ұсталған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Естеріңізге сала кетейік, қазанның 23-31-і аралығында Астана аумағында «Браконьер» республикалық жедел алдын алу шарасы өтуде.