Браконьерлер өз жазасын алды

ҚОСТАНАЙ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Қостанай облысында екі браконьер сотталды, үкім күшіне енді.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің қызметкері Ботагөз Сейіл хабарлағандай, шілде айында Жангелді ауданының Ақкөл ауылынан 31 шақырым жерде мүйіздері кесілген өлі сайғақ табылды. Жедел-іздестіру шаралары кезінде жануардың өліміне екі жергілікті тұрғынның себепші болғаны анықталды.

Сот істі қарау кезінде браконьерлердің кінәсі толықтай айқындалып, оларға 500 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар мемлекетке келген шығынды, яғни 282 600 теңгені төледі.