Орденді Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сыр өңіріне арнайы келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев марқұмның отбасына табыс етті.
«Әділ Кенжеғұлов өмірінің соңғы сәтіне дейін «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының инспекторы қызметін адал атқарды. Туған еліміздің табиғатын қорғауда еңселі еңбек етті. Кезекті кезекшілік кезінде оңай олжа іздеушілердің ізіне түсіп, оларды қолға түсіру үшін әрекет етті. Мемлекет басшысы осы орайда браконьерлікті қатаңдату бойынша нақты тапсырма берді. Қазіргі таңда инспекторлардың қызмет барысында құзреттілігін кеңейту, әлеуметтік жағдайын жақсарту және браконьерлікке қатысты қылмыстық жазаны күшейту бойынша бірқатар заңнамаларға өзгертулер еңгізіледі»,- деді министр.
Естеріңізге сала кетелік, Әділ Кенжеғұлов 25 қазан күні күдік тудырған браконьерлерді тоқтатпақ болған сәтте көз жұмды .
«Әділ Шарапатдинұлы өзін нағыз табиғат қорғаушысы, кәсібіне адал маман, мейірім гүлін үлкен жүрегіне ораған абзал азамат ретінде есімізде жатталып қалды. Елімізге адал қызмет жасап, бейбіт күнде батырлық көрсете білді. Өзінің замандастарына, аға - інілеріне өшпес өнеге көрсетті»,- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.