Бранко Пешич турнирі: Екі боксшымыз финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан Бранко Пешич атындағы дәстүрлі халықаралық турнирдің үшінші күні шаршы алаңға шыққан төрт боксшымыз жеңіске жетті.
Атап айтсақ, 51 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Санжар Тәшкенбай мен Дәулет Молдашев (54 кг) қарсыластарынан басым түсіп, финалға жолдама алды.
Ал 92 келі салмақта сынға түсіп жатқан Данияр Рахымбердинов пен аса ауыр салмағтағы отандасымыз Олжас Боқаев ширек финалдағы жекпе-жектерінде жеңіске жетті.
Өкінішке қарай, бүгін 60 келі салмақта жұдырықтасқан жерлесіміз Бибарыс Жексен армениялық Артур Гагаряннан жеңіліп қалды.
Айта кетейік, аталған турнирде Қазақстан құрамасынан 12 боксшы ел намысын қорғауда. Жалпы, турнирге әлемнің 16 елінен 106 спортшы қатысып жатыр. Жарыс 17 наурызға дейін жалғасады. Бүгін турнирдің төртінші күні, жарысты сегіз боксшымыз жалғастырып жатыр.
Естеріңізде болса, кеше шаршы алаңға шыққан үш қазақстандық боксшының біреуі жекпе-жекті жеңіспен бастап, екеуі жарыс жолынан шығып қалды.