Бранко Пешич турнирі: Екі боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан Бранко Пешич атындағы дәстүрлі мемориалдың бірінші жарыс күні шаршы алаңға шыққан үш қазақстандық боксшының біреуі жекпе-жекті жеңіспен бастап, екеуі жарыс жолынан шығып қалды.
Нақтырақ айтсақ, 71 келі салмақ дәрежесіндегі Сабыржан Аққалықов шаршы алаң иесі Антонио Биссетті еш қиындықсыз 5:0 есебімен жеңсе, өкінішке қарай, екі боксшымыз жарысты аяқтады.
Оның бірі 63,5 келі салмақ дәрежесіндегі Ерасыл Таңқай. Ол армениялық боксшы Нарек Хоранисяннан жеңілді. Төрешілер 1:4 есебін тіркеді.
Екінші боксшымыз Темірлан Мұқатаев алғашқы айналымда 2023 жылғы әлем чемпионы, ресейлік Шарапутдин Атаевпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен қарсыласына есе жіберді.
Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық турнирге әлемнің 16 елінен 106 спортшы қатысады деп жоспарланған. Жарыс 17 наурызға дейін жалғасады.
Кеше Санжар Тәшкенбай (51 келі), Даулет Молдашев (54 келі) пен Олжас Боқаев (+92 келі) турнирді жартылай финалдан бастайтынын, сонымен қатар 48 келіге дейінгі салмақта Ернұр Қайрат бірден финалда жұдырықтасатынын жазған болатынбыз.
Бұл боксшылар жекпе-жексіз жүлдеге ілініп тұр.