Братиславадағы қанды қырғынның салдарынан жеті адам қаза болды

None
АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат -Братислава іргесінде қанды қырғын болды. Қаруланған бір ер азамат жеті адамды жайратып салды, тағы 15 адам жараланды. Келіп түскен хабарлар бойынша, жараланғандардың біреуінің жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды ВВС.

Оқиға дүйсенбі күні таңертең Девинска Нова Вес ауданында, супермаркет пен балабақшаға жақын жердегі адамдар көп жүретін көшеде болған. Қаруланған 50 жастағы ер азамат алдымен балабақшаның үстіндегі пәтерде тұратын өзінің отбасын түгел жайратып салған.

Пәтерде қаза болған бес адам - төрт әйел мен бір ер азамат - сығандар, бір отбасының мүшелері болған. Көзі қарайған әлгі азаматтың көшеге шығып атып салған тағы бір еркек те осы отбасының мүшесі болуы ықтимал, деп хабарлады полиция басшысы Ярослав Шписяк.

Мылтықтың даусын естіп, өз пәтерінің балконына шыққан әйел - осы қанды қырғынның жетінші құрбаны болған.

Көшеге шығып, оқ жаудырған әлгі азамат тағы 15 адамды жаралаған, олардың қатарында полиция қызметкері мен 3 жасар бала бар.

Полиция басшысы Ярослав Шписяктың айтуынша, полиция әлгі қаскөйді қоршауға алған кезде, ол өзін атып өлтірген. Одан автомат және екі тапанша табылған.

Қылмыстың ауаны әзірге белгісіз, деп мәлім етті баспасөз мәслихатында елдің ішкі істер министрі Душан Липсич. Дегенмен, Шығыс Еуропа елдерінде сығандардың жиі кемсітушілікке ұшырайтынын айта кету керек.