Бразилия БРИКС саммитіне белсенді дайындалып жатыр
Рио-де-Жанейро 6–7 шілде күндері өтетін 17-ші БРИКС саммитін қабылдауға дайындалуда. Саммитке 30-дан астам ел мен халықаралық ұйым өкілдері қатысады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Бразилияға БРИКС құрамындағы елдердің (Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Сауд Арабиясы, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Эфиопия, Индонезия және Иран), сондай-ақ 10 серіктес елдің (Беларусь, Боливия, Қазақстан, Куба, Малайзия, Нигерия, Таиланд, Уганда, Өзбекстан және Вьетнам) делегациялары келіп жетті.
Сонымен қатар, Чили, Колумбия, Кения, Мексика, Палестина, Түркия, Уругвай сияқты елдер мен Африка одағы, Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (AIIB), Анд даму корпорациясы (CAF), Жаңа даму банкі (NDB), БҰҰ және Дүниежүзілік сауда ұйымы (WTO) сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері өз қатысуын растады.
БРИКС саммиті аясында екі күн бойы пленарлық отырыстар мен екіжақты кездесулер Рио-де-Жанейро қаласындағы Фламенго саябағында орналасқан Қазіргі заманғы өнер музейінде өтеді. Бұл — заманауи өнер туындыларының бай коллекциясына ие Бразилиядағы бірегей мәдени мекеме.
Сондай-ақ қосымша нысандар да жұмыс істейді: журналистер үшін «The Venue» медиаорталығы және шетелдік делегация өкілдеріне арналған «Marina da Glória» делегациялар үйі, мұнда олар БРИКС отырыстарын тікелей бақылай алады.
6 шілде күні екі сессия өткізу жоспарланған:
1. «Бейбітшілік, қауіпсіздік және жаһандық басқаруды реформалау»
2. «Көпжақты ынтымақтастықты нығайту, экономикалық және қаржылық мәселелер және жасанды интеллект»
Бұл сессиялардың қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемелер мен құжаттар қабылданады.
БРИКС елдері көпжақтылық пен көпполярлы әлем қағидаларын қолдайды. Бұл халықаралық алаң елдер мен құрлықтар арасындағы көпірлерді нығайтуда, сондай-ақ «Жаһандық Оңтүстік» елдері үшін әділетті және инклюзивті әлемдік тәртіпті ілгерілетуде маңызды рөл атқаруға ұмтылады.
БРИКС сондай-ақ БҰҰ-ны, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды мақсат етеді. Осы арқылы ұйым алдын алу дипломатиясы мен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын, сондай-ақ жаһандық тұрақтылықты нығайтуды қолдайды. Ол халықаралық қақтығыстарды реттеу, гуманитарлық дағдарыстарға жедел әрекет ету және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін көпжақты институттардың рөлін арттыруға шақырады.
БРИКС мүше елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты, әсіресе сауда, инвестиция және қаржы салаларында дамытуға ерекше мән береді. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Дүниежүзілік банк және Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық қаржы институттарын реформалау қажеттігі де көтеріліп отыр. Бұл — дамушы елдерге өз пікірін білдіру мен шешім қабылдау үдерісіне кеңірек қатысуға мүмкіндік береді.
БРИКС жасанды интеллектті жаһандық басқару мәселесіне де ерекше назар аударады. Мұнда этика мен дербестік, технологияларға қолжетімділік, әділ бәсеке, деректерді басқару және цифрлық егемендік сынды бағыттар қамтылады. Цифрландыру мен өнеркәсіпті жаңғырту бастамалары маңызды рөл атқаруда. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік пен халықаралық терроризмге қарсы күрес те өзекті мәселелер қатарында.
7 шілде күні «Қоршаған орта, COP30 және жаһандық денсаулық сақтау» тақырыбында сессия өтеді.
Қоршаған ортаны қорғау мәселелері өзекті күйінде қалуда, әсіресе климаттың өзгеруіне қарсы күресте инновациялық қаржыландыру механизмдерін әзірлеу мен жаһандық жылынуды 1,5°C шегінде ұстауға бағытталған тиімді әрі әділетті шаралар қабылдау маңыздылығы артып отыр.
БРИКС-тің негізгі басымдықтарының бірі – аурулармен бірлесіп күресу. Ұйым дәрі-дәрмек пен вакциналар өндірісін кеңейтуге, туберкулезге қарсы күрес бойынша зерттеу желісін дамытуға және жасанды интеллектті денсаулық сақтау жүйесіне интеграциялауға күш салуда. Мақсат — барша үшін әділ әрі жалпыға қолжетімді қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін қамтамасыз ету.
Саммит аясында Бразилия қауіпсіздік шараларын күшейтті. Рио-де-Жанейро көшелерінде полиция жасақтары кезекшілік атқаруда, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қарулы күштер де жұмылдырылған.
Саммит өтетін аумақ көлік қозғалысы үшін жабылды. Кіру арнайы рұқсат пен арнайы автобустар арқылы ғана мүмкін.
2025 жылы Бразилия БРИКС-ке төрағалық ете отырып, 200-ден астам кездесу өткізді, оның ішінде онлайн іс-шаралар да бар.
Бразилия төрағалығының алты басым бағыты мыналар:
1. Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық ынтымақтастық;
2. Сауда, инвестициялар және қаржы;
3. Климаттың өзгеруі;
4. Жасанды интеллект арқылы басқару;
5. Бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы көпжақты құрылым;
6. Институционалдық даму.
Статистикаға сәйкес, БРИКС-тің 11 тұрақты мүшесіне:
– әлемдік ЖІӨ-нің 39%-ы,
– жаһандық сауданың 23%-ы,
– тікелей шетелдік инвестициялардың 24%-ы,
– әлемдік мұнай өндірісінің 43%-ы және
– жер шары халқының 49%-ы тиесілі.
БРИКС аясында шамамен 200 ынтымақтастық тетігі жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығы, сауда, қоршаған орта, энергетика, коммуникация, туризм, ғылым, технология және инновациялар, білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік сияқты салаларды қамтиды.