Бразилия экс-президенті Жаир Болсонарудың соты басталды

БРАЗИЛИА. ҚазАқпарат – Бразилия Жоғары сайлау сотында бейсенбі күні бұрынғы президент Жаир Болсонарудың соты басталды. Ол сайлауда бұрмалау туралы жалған ақпарат таратқаны үшін айыпталуда. Бұл үшін Болсонару түрмеге қамалмайды, бірақ сайлауға түсуге тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Фото: EPA

Жаир Болсонару жалған ақпарат тарату үшін Президент билігін асыра пайдаланды деп айыпталып жатыр.

Атап айтқанда, былтыр шілдеде президент сайлауы алдында ол шетелдік елшілерді жинап, оларға Бразилияда пайдаланылатын электронды дауыс беру машиналарды хакерлер бұза алатынын мәлімдеп, қарсыластары сайлау нәтижелерін бұрмалай алатынын айтқан.

Президент сайлауы 2022 жылдың қазанында өтті. Екінші кезеңде Болсонару солшыл бразилиялық саясаткер Луис Инасиу «Лула» да Силвадан аз ғана дауыспен жеңіліп қалды.

Жоғары сайлау соты қарап жатқан іс – қылмыстық іс емес, Жаир Болсонару ол үшін түрмеге жабылмайды. Бірақ, сот коллегиясы 68 жастағы экс-президентке 8 жыл сайлауға түспеуге тыйым салуға құқылы.

Сондай-ақ, Болсонару бірнеше қылмыстық іс бойынша тергеуге алынған, олардың процесі әлі басталған жоқ.

Болсонару сайлаудан кейін және оның жақтастары ұйымдастырған тәртіпсіздіктерден кейін АҚШ-қа, Флоридаға ұшып кетіп, қайта отанына оралды.

2026 жылғы сайлауға түсетінін айтқан жоқ, тек өзі құрметті төраға болып отырған Либералдық партияға келесі жылғы жергілікті сайлауға көмектесуге уәде етті.

Айыптап отырған тарап Болсонарудың елшілер алдында 2022 жылдың 18 шілдеде сөйлеген сөзі сайлау туралы заңды бұзды деп есептейді. Бұрынғы президент шетелдік дипломаттарға Бразилиядағы сайлау жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіндірдім деп сендіреді.

Оңшыл популист Болсонаруды Дональд Трамппен жиі салыстырады. Бразилия президентінің мен оның жақтастарының сайлауда жеңілгеннен кейінгі іс-әрекеті бір жыл бұрын АҚШ-та болған оқиғаны еске салады.

30 қазанда Луладан екінші турда небәрі 1,8% айырмашылықпен жеңілгеннен кейін, Болсонару жеңілісін мойындаудан бас тартты — дегенмен ол билікті беруге дайындық бастауды бұйырды. Екі айдан кейін, Луланың инаугурациясының алдында ол АҚШ-қа ұшып кетті.

Еске салайық, Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың жүздеген жақтасы елдің Ұлттық конгресіне баса көктеп кіргенін жазған едік.

Олар сондай-ақ Жоғарғы сот ғимаратына және президент сарайына кірген. Шабуыл үш сағатқа созылды, кейін оның қатысушыларын полиция ұстап әкетті.