Бразилия футболдан әлем чемпионатында алғашқы жеңісіне жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында С тобында сынға түсіп жатқан Бразилия — Гаити құрамалары кездесті.

Фото: fifa.com

Бес дүркін әлем чемпионы Бразилия құрамасы екінші кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салды. Олар алғашқы турда Мароккомен (1:1) тең ойнаған еді. Сондықтан бұл жолы ұпай жоғалтпауға тырысты.

Бразилиялық футболшылар төреші ысқырығы естілген сәттен алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде олардың қатарынан Матеус Кунья 23, 36-минутта қос голдың авторы атанды.

Ал 45-минутта Винисиус Жуниор өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Осылайша Бразилия қарсыласын 3:0 есебімен қапы қалдырып, турнир кестесінде 4 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. 

Айта кетсек, бұл топтағы тағы бір кездесуде Марокко құрамасы Шотландияны 1:0 есебімен жеңді.

Енді алдағы турда 25 маусымда Бразилия мен Шотландия, Гаити мен Марокко кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын АҚШ құрамасы Аустралиядан басым түсті.