Бұл туралы іріктеу матчында Уругвай құрамасы 1:2 есебімен Перу командасынан жеңілген соң белгілі болды. КОНМЕБОЛ аймағында (Оңтүстік Америка) өткен ӘЧ-2018 іріктеу турнирінің 14 турынан кейін Бразилия қоржынында 33 ұпай бар, ол көш бастап тұр және қалған ойындарының барлығында жеңіліс тапқанның өзінде төртінші орыннан төмен түспейді. Осылайша, Бразилия құрамасы Ресейде өтетін ӘЧ-2018 ақтық турниріне жолдама алған алғашқы команда атанды. Ресей құрамасы ұйымдастырушы ел ретінде Әлем чемпионатына қатысу құқығын иеленген еді.
Оңтүстік америка аймағында екінші орында Колумбия құрамасы тұр (24 ұпай), үшінші орында - Уругвай (23), төртінші - Чили (23), бесінші - Аргентина (22), алтыншы - Эквадор (20), жетінші - Перу (18), сегізінші - Парагвай (18), тоғызыншы - Боливия (10), оныншы - Венесуэла (6) құрамалары. Боливия мен Венесуэла құрамалары Ресейдегі Әлем чемпионатына бару мүмкіндігінен айырылды.