Бразилияда әлемдегі ең қарт әйел 116 жасында қайтыс болды

Фото: Фото: Global Look Press/Rizek Drimly

АСТАНА.KAZINFORM — Жер бетіндегі ең қарт адам, бразилиялық монах әйел Ина Канабарро Лукас 116 жас 326 күнде қайтыс болды, деп жазады ВВС.

Бұл туралы Порту-Алегри қаласындағы діни қауымдастық хабарлады.

АҚШ-та орналасқан Геронтология зерттеу тобы (GRG) және LongeviQuest деректер базасына сәйкес, Лукас қайтыс болғаннан кейін әлемдегі ең қарт әйел титулы өткен тамызда 115 жасқа толған Англияның Суррей қаласында тұратын Этель Кейтеремге берілді.

Ина Канабарро Лукас қаңтарда 116 жастағы жапон әйелі Томико Итоока қайтыс болғаннан кейін әлемдегі ең қарт адам атанды.

LongeviQuest монах әйелдің 110-шы туған күнінде өткен дүйсенбіде 88 жасында қайтыс болған Рим Папасы Францисктен бата алғанын хабарлайды.

Лукастың өзі туған күні 1908 жылдың 27 мамыры деп мәлімдегенімен, құжаттарға сәйкес ол 8 маусымда дүниеге келген.

Ина Канабарро Лукас Бразилияның оңтүстігіндегі Рио-Гранди-ду-Сул штатында дүниеге келген, деп хабарлайды геронтологиялық зерттеу тобы.

Ол бразилиялық генерал Дэвид Канабарроның шөбересі болды, ал оның әкесі 1923 жылғы соғыста қаза тапты. Бала кезінде Лукас өте арық болған, бұл тіпті оның өміріне алаңдаушылық тудырды, деп жазады GRG.

Ол интернатта оқып, 1928 жылы Уругвай астанасы Монтевидеоға көшіп келді, онда монах болыа, екі жылдан кейін Бразилияға оралды және Рио-де-Жанейродағы мектепте португал тілі мен математикадан сабақ бере бастады.

2021 жылдың қаңтарында, 112 жасында Лукас коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алды, ал 2022 жылдың қазан айында ауруханада жатып ковид жұқтырды. Бір айдан кейін сауығып, аурудан аман қалған ең қарт адамдардың бірі болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2024 жылға арналған мәліметі бойынша Қазақстанда 100 жастан асқан 423 адам тұрады.